15:18, 19 Шілде 2022 | GMT +5
ҰБТ-да ең жоғары 139 балл жинаған үшінші талапкер де ереже бұзғаны үшін гранттан құр қалды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бұл жайында Ұлттық тестілеу орталығынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өкінішке қарай ҰБТ-2022 бейнежазбаларын қайтадан тексеру барысында ең жоғары 139 балл жинаған тестіленушінің ереже бұзғаны белгілі болды. Сәйкесінше, оның нәтижесі жойылып, грант конкурсына қатысу мүмкіндігінен айырылды. Өткен жазбаларымның бірінде 139 балл жинап, бірақ ереже бұзған 2 талапкердің нәтижесін жойғанымызды хабарлаған болатынмын. Ал бұл – тіркелген үшінші жағдай. Енді ең максималды балл – 138, оны 4 талапкер жинады. Төртеуінің де нәтижесін тексеру жұмысы жалғасып жатыр. Естеріңізге сала кетсем, аномалды жоғары балл (+20 балдан +80 балға дейін) жинаған талапкерлердің нәтижесі біздің ерекше бақылауымызда», - деп жазды Ұлттық тестілеу орталығынң директоры Руслан Емелбаев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол сондай-ақ ҰБТ сертификатын қолдан жасау заңсыз және пайдасыз екенін ескертті. Себебі ҰБТ бойынша барлық дерек орталықтың базасында бар.
Еске сала кетейік, бұған дейін ҰБТ-да ең жоғары 139 балл жинаған екі оқушының қулыққа барғанын жазған болатынбыз.
Биылғы ҰБТ басталғалы бері 139 балл жинаған үш талапкер тіркелді.
Дегенмен қайта тексеру кезінде аталған оқушылардың үшеуі де ереже бұзғаны анықталды.