ҰБТ кезіндегі бұзушылықтар саны 3,3 пайызға өскен - БҒМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл бақылауды күшейту және басқа да шаралар қабылдау нәтижесінде ҰБТ кезінде анықталған бұзушылықтар саны 3,3 пайызға артты.
Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Білім және ғылым министрлігінің Білім беру мен ғылым саласын қадағалау комитетінің төрағасы Саят Нүсіпов мәлім етті.
Комитет төрағасының айтуына қарағанда, Ұлттық бірыңғай тестілеу барысында 51 мың 307 бұзушылықтар тіркелген. Соның ішінде ережені өрескел бұзған 48 оқушы тестілеуден шығарылып, олардың тестік нәтижелері жойылған.
«Республикалық аппеляциялық комиссияға 347 шағым келіп түсті. Соның 38 пайызы қанағаттандырылды. Сонымен қатар, 2015 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің жағымды статистикасының бірі тестілеу жүйесін жетілдіруге қатысты болып табылады. Менің ойымша, шалғайдағы ауылдардан ҰБТ он пунктін ашу жалпы білім көрсеткіштерінің жақсаруына өз септігін тигізді», - деді С. Нүсіпов.
Сонымен қатар, ҰБТ дайындығы мен өткізуге қатысты комитет төрағасы Қызылорда облысының Жалағаш ауданын ерекше атап өтті.
«Бұл өңірде оқушылар өздерінің көрсеткішін шамамен он пайызға жақсартты. Атап өтерлігі, Жалағаш ауданындағы тест барысында біз бірде-бір тыйым салынған заттарды тәркілеген жоқпыз. Өйткені, бұнда бақылаудың жоқтығы емес, облыстық, аудандық биліктің жақсы жұмысының, оқушылардың өздерінің белсенділігінің арқасы. Жалпы Жалағаш ауданы жыл өткен сайын оқу сапасын арттырып, басқа аудандармен салыстырғанда сапалық көрсеткішін жақсартып келе жатыр. Сондықтан да, біз бұған таңданған емеспіз», - деді С. Нүсіпов.
Сонымен қатар, комитет төрағасы Жалағаш ауданындағы оқушылар бұған дейін Қызылорда қаласына барып тест тапсырып жүргенін, соңғы жылдары ғана осы мәселе өзінің оңтайлы шешімін тапқанын, тест тапсырудың жаңа пункттері осы ауданда ашылғанын жеткізді.