ҰБТ-ны қанша адам қазақ тілінде тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM – Қаңтар айында Ұлттық бірыңғау тестілеуді (ҰБТ) 164 мыңға жуық адам тапсырды, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметі.

ҰБТ  ЕНТ
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, талапкерлердің 76,81%-ы қазақ тілінде, 23,14%-ы орыс тілінде, 89 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.

ҰБТ-да шекті балды 70,35%-ға жуық талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 65,81 балды құрады. Ең жоғары балл – 139. Жалпы 186 талапкер 130-дан жоғары балл жинады.

Тестке қатысушылардың басым бөлігі «Математика-Физика» комбинацияларын таңдаған, атап айтқанда, 17,5%-ы тапсырды. «Биология-Химия» пәндерін 17,27% таңдаған. Сондай-ақ топ-3 қатарына талапкерлердің 10,29% таңдаған «Математика-Информатика» комбинациясы кірді. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-Физика», оны 197 адам тапсырған.

2025 жылғы қаңтар ҰБТ-сының қорытындысы бойынша талапкерлер «Оқу сауаттылығы» пәнін жоғары деңгейде тапсырды. Орташа есеппен сұрақтардың 75,43%-ына дұрыс жауап берілген. Ал «Физиканы» тапсырған талапкерлердің тек 32,32% тапсырманы дұрыс орындаған, олар үшін «Электромагниттік индукция» тақырыбы қиын болды.

Осылайша, ҰБТ нәтижелері бойынша Ұлттық тестілеу орталығы тек сандар емес, сонымен қатар тақырыптар бойынша егжей-тегжейлі талдауды да ұсынады.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында қаңтар ҰБТ-сына 392 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн.

ҰБТ өткізу барысында 197 ереже бұзушылық анықталған. Оның ішінде 101 талапкер смартфон және шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды, ал тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 96 адам шығарылды. Өзге тұлғалар анықталған жоқ.

Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алды. Бұл жолы 14 мыңнан астам өтініш қабылданды, олардың ішінде 10 өтініш қанағаттандырылды. Республикалық комиссия жұмысын аяқтады, талапкерлердің сертификаттары жеке кабинетте қолжетімді.

Айта кетсек, 2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.

- Естеріңізге сала кетсек, қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамағандар, шығармашылық ББТ-дан басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады, - делінген ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығы.

Осыған дейін қаңтар айындағы ҰБТ-ның үш аптасында 126 мыңға жуық адам тест тапсырғаны туралы хабарладық.

 

Соңғы жаңалықтар