«ҰБТ-ның ең ұятты сұрағы» - баспасөзге шолу
Кеше Түркияның Бодрум қаласында Түркітілдес мемлекеттер Ынтымақтастық кеңесінің Мемлекет басшылары деңгейіндегі төртінші саммиті өтіп, оның қорытындысы бойынша Ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы декларация қабылданды, деп хабарлайды « Егемен Қазақстан » газеті.
«Саммитте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Қазақстан Президенті өз сөзінде Түркі кеңесі халықаралық ұйым ретінде нақты нәтижелерге қол жеткізгенін және барлық мүше-мемлекеттердің игілігі үшін оның жұмысын одан әрі күшейту қажеттігін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев түркі әлемінің дамуына серпін беруге тиіс төрт бағытқа назар аударды. Соның біріншісі ретінде Қазақстан Президенті түркітілдес елдердің экономикалық әлеуетін ашу мәселесін атап өтті. Тәуелсіз алты мемлекеттің ішкі жалпы өнімінің жиынтық көлемі 1 триллион 200 миллиард доллардан асады. Сөйте тұра, Қазақстанның сыртқы сауда айналымында 5 елдің үлесі небәрі 6% ғана. Сондықтан бізге ортақ экономикалық әлеуетімізді барынша нығайтқан жөн, деді Нұрсұлтан Назарбаев», - делінген мақалада. ***
« Айқын » басылымының бүгінгі санында « Түркі жұрты түркі одағын құра ала ма? » атты тақырыппен сараптамалық мақала жарық көрді.
Айта кетейік, осыдан біраз жыл бұрын Елбасы «Түркі мемлекеттерінің одағын құрсақ» деген ой тастаған.
«Әрине, дәл қазір Түркі жұрты саяси не болмаса экономикалық одаққа айналып кетеді деп айту қиын болар. Бұл өте ұзақ жүретін үдеріс қой. Ал мәдени, рухани бірлестікке, одаққа айнала алады. Бұған қарсы уәж айту мүмкін емес. Өйткені мыңдаған жылдық тарихымыз бір, тамырымыз бір, мәдениет ортақ. Осы жағынан келгенде «иә» деуге болады. Қазір мұның алғышарттары жасалып жатыр. Жалпы, «Түркі одағы түптің-түбі құрылуы мүмкін бе?» деген сауалға саясаттанушылардың пікірі әртүрлі», - делінеді мақалада.
« Айқын » газетінің тағы бір мақаласы мектеп түлектерінің назарын аудартары сөзсіз. Себебі ол Қазақстандағы тапшы мамандықтарға қатысты болып отыр.
«... жыл сайын Үкіметтің тапсырысы - 34-35 мыңның айналасында. Биылғысы 34 мың 65 грант. Оның 12 мыңы - техникалық мамандықтарға, 5 мыңы - педагогикалық, 2600-ге жуығы ауыл шаруашылығы мамандықтарына бөлiндi. Ғылым және білім министрлігі мемлекеттік тапсырыс экономикамыздың сұранысына мейлiнше сай жасалғанын айтады», - деп жазады басылым « Қазақстан қандай кадрларға зәру » атты материалда.
Осы тұста «былтыр немесе оның алдыңғы жылдардағы білім гранттары қандай мамандарға бөлініп еді?» деген орынды сауал алдан тосады. Былтыр 35 053 студент мемлекеттік грантқа қол жеткізді, биылғымен салыстырғанда, 1 мың 62 грантқа көп. Былтыр 6164 болашақ мұғалім грантын иеленсе, биыл олардың санын 1 мың 164 маманға қысқартты. Мамандар бұл шешім бүгінгі күннің өлшемімен салыстырғанда, дұрыс қабылданған деп отыр. Себебі білім саласы мамандарына грант санының көптігі балалардың мамандыққа емес, «тегін оқуға» деген ықыласын күрт өсіріп жіберген.
Сонымен бірге «Айқын» «ҰБТ-ның ең ұятты сұрағы» тақырыбымен тестілеу барысында анықталған сорақы сауалдың барын жазуда. «Ұлттық бірыңғай тест ұлтты ұйқысынан оятты. «Алматыдағы сыра зауыты қашан ашылды?» деген де сорақы сұрақ бар екен. Бұл сұрақтың жауабын Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің өзі де білмей, тілшілердің алдында қара терге түсті. Министр «Апелляциялық комиссияға шағымдансын» деп міңгірлегеннен басқа түк те айта алмады. Сонда білім саласына Алматы сыра зауытының қандай қатысы бар? Әлде Сәрінжіпов мырза салқын сыраны сілтегенді ұната ма? Әлде бұл сыра зауытының жарнамасы ма?!», - делінеді мақалада.
*** Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына түрткі болған «Невада - Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының құрылғанына биыл 25 жыл толды, деп хабарлайды «Түркістан» басылымы.
«1989 жылдың 28 ақпанында құрылған «Невада-Семей» қозғалысы өзінің басты мақсаты - Семей полигонын жабумен ғана айналысқан жоқ сонымен қатар ядролық қуатқа ие басқа елдерді де осынау үлгілі тәжірибеге талпындырды. «Әрбір жарылыстан кейін жер астындағы сызаттардан улы газ әуеге жайылып, бірнеше ондаған шақырымдарға созылған қалың бұлт пайда болды. Ғалымдардың есептеуінше, бұл қара бұлт желдің бағытымен далаға кетуі тіис еді. Алайда шопандар ауылына қарай ойысқан улы газ жел өтімен әскери қалашық пен Семей қаласына қарай бет алған. Бұл ақиқатты Олжас Омарұлына армиялық авиация ұшқышы айтады. Сол кезде жаңадан құрылып жатқан қозғалыс белсенділері КСРО Жоғарғы Кеңесіне хат жазу керек деп шешті. Алайда бірінші хатпен, бірінші қозғалыспен ештеңе шешіле қойған жоқ. «Бірақ халық та, билік те бұл қауіпті сынақтарды тоқтатудың маңыздылығын түсіне бастады. Семей полигонының жабылуы қырғи-қабақ соғыстың аяқталуының басты символы болды», - деп еске алады белгілі ақын Олжас Сүлейменов. Бұл символға Америка да үн қатты. 1991 жылы Семей полигоны жабылды, 1992 жылы Америка Невададағы өз полигонында сынақтарын тоқтатты. Одан әрі барлық полигондар тоқтаған болатын», - дейді мақала авторы.
*** Ресми тілде шығатын басылымның бірі - «Экспресс К» өзінің бүгінгі санында жарияланған «Пьяные деньги» атты мақалада мәжілісмен Нехорошевтің қызық ұсынысын тілге тиек етіп отыр.
«Мәжілісмен Владимир Нехорошев алкогольге мемлекеттік монополия енгізуді ұсынды. Өзінің «қанатты сөздерімен» көзге түсетін депутат «мас» ақшалар арқылы ұлт денсаулығы мен мемқазынаны толтыруға болады деп отыр. Нехорошевтің өзі жиырма жыл бойы аузына алкогольдік ішімдік татпағанын алға тартты. Мәжілісменнің дана басында осындай батыл идеялардың туындап жатуы да соның есебінен болса керек», - дейді басылым.