ҰБТ тапсырған түлектердің 14,6 пайызы 100 балдан жоғары жинады
«Биыл ҰБТ-ны 92077 мектеп бітіретін түлек тапсыруы тиіс еді. Алдыңғы 4 күнде олардың 76948-і немесе 83,6 пайызы тапсырып шықты. Осы күндердің нәтижелерін атап өтер болсам, биылғы тест тапсырған түлектердің орташа балы 76,8 болып отыр. Өткен жылы ол 74,7 болған», - деді вице-министр.
Оның алға тартқан деректеріне қарағанда 100 балдан жоғары жинаған балалардың саны бүгінгі күні 11 242-ні немесе тест тапсырғандардың 14,6 пайызын құрап отыр. Ал өткен жылы 100 балдан астам көрсеткішке 9204 бала ғана қол жеткізген еді.
«Олардың ішінде ерекше атап өтерлігі 2 бала, атап айтқанда Алматы қаласындағы №178 және 159 лицейлердің түлектері ең жоғары 125 балды толығымен жинады», - деді Т.Балықбаев.
Оның атап өтуінше, осы төрт күн ішінде 50 балл жинай алмаған балалардың саны 17811 құрайды. Жалпы, биылғы ҰБТ нәтижелерінің өткен жылмен салыстырғанда жоғары болуы биылғы түлектердің дайындығына тікелей байланысты орын алып отыр.