16:16, 06 Маусым 2014 | GMT +5
ҰБТ тапсыруға 1 түлек кеңсе пышағын да алып өтпек болды - БҒМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық бірыңғай тестілеуге түлектер 22 мыңнан астам ұялы телефон алып өтпек болды. Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев мәлім етті.
«Осы күнге дейінгі ақпараттарға сәйкес ҰБТ-ны тапсыру технологияларына байланысты кейбір мәселелер туындауда. Ең бір үлкен мәселе, біз қанша айтқанымызбен, талап еткенімізбен, балаларға ҰБТ кезінде ұялы телефон және басқа да құралдарды пайдалануға болмайтынын ескертсек те олар пайдаланып жатыр», - деді ол.
Т.Балықбаевтың атап өтуінше, бүгінгі күнге дейін аудиторияға кіреберістегі тексерулердің нәтижесінде 22 мыңнан астам ұялы телефон, әр түрлі калькуляторлар, фотоаппараттар, 21 рация, тіпті 1 кеңсе пышағын алып өтпек болған да түлектер кездескен.
«Олардың барлығы сол кіреберістегі металл іздегіштермен анықталып, тоқтатылды. Жалпы, ҰБТ-ның өту барысына қанағаттанамыз», - деді вице-министр.