ҰБТ: Тестілеудің естілеу түрі бола ма?!

Демек, келесі жылдан бастап мектеп бітіруші түлектерді емтихан күтіп тұр.
Министрлік оның өзін екі бағытта жүргізуді көздеп отыр. Мәселен, түлектер мектеп бітіру емтиханын тапсырса, ҰБТ жаңа бағытпен дамиды. Яғни интеграциялық тесттер жасалады. Сол себепті ҰБТ-ның жаңа бағдарламасы дайындалуда. Жаңа бағдарлама бойынша, олимпиада жеңімпаздары да, Назарбаев зияткерлік мектептерінің түлектері де, яғни кез келген оқушы осы емтиханды тапсыратын болады. Алғашқы кезде түлек- тердің қалауына қарай бірнеше мәрте қайта тапсыруына мүмкіндік беріледі. «Бірақ, келешекте ЭЫДҰ стандарттарына келеміз» дейді министр Ерлан Сағадиев.
Тестілеу жүйесінде де өзгеріс болмақ. Ол университетке тапсырылатын емтихан жүйесіне қарай сәйкестендіріледі. Бұған дейінгі ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан да осындай талпыныстар жасалған. Бұл мақсатта екі жыл бойы арнайы әлеуметтік зерттеулер жүргізіліпті. Зерттеу нәтижесі бойынша, көпшілік осы жүйені қолдаған секілді. Бұл жүйе ҰБТ төңірегіндегі дау-дамайды азайтады деген сенімде. Әрі оқу орындары бір-бірімен бәсекеге түспейді.
Тестілеу жүйесі қалай пайда болды?
Бүгінге дейін тестілеу әдісі орта мектеп түлектерінің білім деңгейін бағалау құралы ретінде қолданылып келгені белгілі. Солай бола тұра, тіпті мұғалімдердің арасында бұл тәсілге қарсылық білдіргендері де көп. Алайда, жүйені енгізген министрлік өкілдері мұның озық тәжірибе екенін айтқан болатын. Тестілеу әдісін ең алғаш Еуропа елдері қолданысқа енгізген. Тестология ғылым ретінде қалыптасып, оның тиімді жақтары да жан-жақты зерделенген соң ғана айналымға ене бастаған. Жалпы, тестілеу әдісінің тарихы ерте заманнан басталған. Мұның түп-тарихы антикалық гректерде жатыр. Олар білім алушылардың білім деңгейін бағалау үшін әртүрлі сынақтарды қолданған. Б.д.д. VI ғасырларда Қытайда мемлекеттік қызметке алуда үміткерлердің ақыл-зеректігінің деңгейін бағалайтын алғашқы тесттерді ойлап табады. Ал тестілеу жүйесінің қалыптасуына ағылшын ғалымы Френсис Гальтон үлкен үлес қосты. Ол өзінің зертханасында 1884-85 жылдары бес жаспен сексен жас аралығындағы адамдардың физиологиялық және психикалық ауытқуын тексеріп, 9337 адамды тестілеуден өткізеді. Одан кейін бірінші болып ақыл-ой, интеллектуалды тест терминін енгізген адам ретінде Джеймс Маккиннің аты көбірек аталады. Ол елуге жуық зертханалық тест жүйесін жасаған. Джеймстің ойлап тапқан жүйесі педагогтар мен психологтардың көңілінен шығады. ХХ ғасырда педагогикалық өлшем теориясының дамуына үлес қосқан бір адам бар. Ол - Ч.Спирмен. Оның ойлап тапқан жүйесі фундаменталды теориялық ізденістер мен мектептің бағалау жүйесін пайдалана отырып, олардың ортақ сәйкестілігін анықтайтын аппаратты қолданған екен. Одан кейін де тестілеу жүйесі сатылап-сатылап, бірнеше даму кезеңін бастан өткерді. Ақырында, тестілеу жүйесі бірте-бірте қолданысқа еніп кетті.
ҰБТ-ны бастаған кім?
Тестілеу жүйесін мықтап қолға алған Еуропа елдері болатын. Австралия, Австрия, Болгария, Венгрия, Германия, Дания, Израиль, Индонезия, Италия, Исландия, Кипр, колумбия, Кувейт, Литва, Марокко, Норвегия, Румыния, Тунис, Франция, Швейцария елдерінде мектеп бітіру емтиханы мен жоғары оқу орнына түсу емтиханы біріктірілген тест жүйесі бойынша жүзеге асып келді.
Ал Болгария, Дания, Израиль, Италия, Норвегия елдерінде тестілеу жүйесі орталықтанған түрде өткізілсе, Австралия мен Германияда тестілеу аймақтарында болады. Ал тест тапсырмаларын мектептер дайындаған екен.
Ал Ғалым Әбілсейітов министр болған жылдары, яғни 1992 жылы бұл жүйе елімізде қолданысқа ене бастады. Орта білімді бітірушілер мен олардың жоғары оқу орынға түсудегі білім деңгейін айқындау мақсатында сол жылы Республикалық тестілеу орталығы құрылды. Тестілеу алғашында жаңаша ақпараттық технологиялар әдісімен жоғары оқу орнына түсу емтиханы ретінде пайдаланылған. Кейінірек, 1995 жылдан бастап барлық жоғары оқу орындары студенттерінің білім сапасын ағымдағы және аралық бақылауда тестілеу жүйесін кеңінен қолдана бастады. 1999 жылы орталықтанған кешенді тестілеудің енгізілуі талапкерлердің білім сапасын бағалаудың әділ болуына және мемлекеттік білім гранттары мен кредиттерді білімге сәйкес бөлуге жол ашты. Ал 2004 жылдан бастап, министр Бірғаным Әйтімованың кезінде Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесіне біржола көшті. Бұл ҰБТ жалпы білім беру ұйымдары бітірушілерінің мемлекеттік қорытынды аттестаттауы мен орта білімнен кейінгі жоғары білім беру ұйымдарына қабылдау емтиханын біріктірді. ҰБТ жалпы білім жүйесіндегі білім сапасын сырттай бақылайтын тәуелсіз жүйе ретінде қалыптасты.
Ал министр Бақытжан Жұмағұловтың кезінде тестілеудің өту мерзімі ұзарды. Сонымен бірге, колледж бітірген түлектер де ҰБТ-ға қатысуға мүмкіндік алды. Әрі математика пәні тестілерінің әрбір нұсқасына бір логикалық есепті ендіру жүйесі де Жұмағұлов кезеңіне тиесілі. Жоғары оқу орнына түсу үшін түлектер межелі елу балды жинақтауы тиіс. Елуден төмен жинаған баланың оқуға түсуге мүмкіндігі азайды.
Өзгертілген ҰБТ, жаңарған реформа
ҰБТ қолданысқа енгелі бері басынан дау арылған жоқ. Оның қалың бұқараның көңілінен шықпауының себебі неде? Неге жыл сайын ҰБТ-дан ши шығады? ҰБТ-ны тапсыру үшін оқушы да жанталасады, мұғалім де қиналады. Бұл жүйеден неге қол үзгіміз келмейді? Оның артықшылығы мен кемшілігі неде? Көпшілікті мезі ететіні де - осы.
Тіпті, ҰБТ-ны «суицидке итермелейді» деп кінә артқандар да көп. ҰБТ-ның жастар арасында ұлттық проблемаға айналғанын айтып, қынжылғандар да көп. Осыдан екі жыл бұрын қоғам қайраткері Жұматай Әлиев бұл жүйені түзеу қажеттігін айтқан еді. Ол «көрші Ресейдің білім министрлігі бірыңғай мемлекеттік емтихан өткізу жүйесіне өзгерістер енгізіп, түлектер үшін шекті балл жинағанша, емтиханды қайталап тапсыру құқығын қалдырып отыр. Қазақстан осы жүйені ұстанғаны дұрыс» деген болатын.
Оның пікірінше, мұндай жеңілдік түлектердің жоғары оқу орнынан көптеп түсуіне мүмкіндік береді. Соңғы жылдары қазақстандық түлектердің арасынан да Ресейдің жоғары оқу орнын таңдайтындары көбейіп тұр. Бұл жеңілдетілген жүйе мыңдаған жастардың шетке ағылуына мүмкіндік жасап отыр. Бізге де неге осындай жеңілдетілген жүйені енгізбеске?!
Тестілеу жүйесіне қарсылар да бар, қолдайтындар да жетерлік. Кейбір ата-аналардың пікірінше, олар бұл тестілеу жүйесіне қарсы емес. Бірақ мұның бір кемшілігі - ҰБТ-ға аудандық, аймақтық, облыстық рейтинг жасалуы. Бұл рейтингті алып тастамаса болмайды. «Өйткені кейбір аймақтарда әкімдердің рейтингісінің көлеңкесінде жақсы оқитын балалар қалып қойып жатыр» деген алаң басым. Әрі ол жаттандылыққа итермелейді. Жаттатуға үйренген баланың білімі де олқы түсетіні анық. Демек, бұл - фундаменталды білімге жол ашылмайды деген сөз.
Ал белгілі математик Асқар Жұмаділдаев: «Тест тапсыру дұрыс емес, алайда одан жақсысын ойлап тапқан ешкім жоқ», - дейді. Шындығы - осы. Соңғы он жыл ішінде елімізде бір миллионнан астам түлек ҰБТ тапсырғанын ескерсек, бұл - жүйенің ұтқаны деген сөз.
Дегенмен, ҰБТ-ның пайдасы да бар. Ол ең алдымен, білім саласындағы жемқорлықты жоюға бағытталған форма еді. Бір кездері талапкер оқуға түсуі үшін оны объективті бағалау жағы қиын тиді. Бұл түлектердің оқуға түсуге құлшынысын кемітті. Тамыр-таныссыз оқуға түсу мүмкін болмады. Ал ҰБТ осы мәселелердің бәрін шешетін негізгі фактор болды.
Ал кемшілігі ше? Кез келген жүйенің аяқталатын тұсы болады. Мүмкін, ҰБТ өз шекарасынан асып кеткен болар. Мүмкін, ол әу бастағы миссиясын аяқтады. Әрі ол мектеп бітірген барлық баланың деңгейін анықтайтын жүйе емес. Сарапшы мамандар оның баланың білімін анықтай алмайтындығын айтады. Кейбір мамандықтарға ҰБТ-ның қатысы жоқ болуы мүмкін. Мәселен, Өнер академиясын таңдайтын талапкерді тест жүйесі арқылы анықтай аламыз ба? Суретші мамандығын таңдаушылар математиканы қажет ете ме? Сондықтан барлық мамандыққа бірдей ҰБТ енгізуіміз қате. Түлек емтихан тапсырса, жетіп жатыр. Ал тест қосымша тексеру элементін атқарса, жетеді. Осы тұрғыдан келгенде, ҰБТ-ны өзгертеміз деген министрліктің талабы орынды. Мәселе - оның өзгерген нұсқасы қалай болатындығында. Балалар емтихан деп бір шабылып, тест деп екі шабылып, мүлдем титықтап қалмай ма? Министрліктің ұсынатын жүйесі қандай болмақ? Бұл туралы мамандар не дейді?
Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор:
Елімізде педагогикалық тестология ғылымы дамымаған
- Ұлттық Бірыңғай тестілеу жүйесі 2004 жылы енгізілді. Содан бері көптеген сыни пікірлер айтылып келеді, ұстаздар қауымы да оны қолдамайды. Неге? Оның бірнеше себебі бар.
Біріншіден, ҰБТ-да қолданылатын тестілеу сұрақтары оқушылардың мектепте алған білімін шынайы анықтай алмайды. ҰБТ кезінде 5 пәннен берілген 125 сұраққа жауап беру үшін 3,5 сағат, яғни 1 сұраққа орта есеппен 1,7 минут беріледі. Осы уақыт ішінде бала сұрақты оқып, түсініп, жауабын жазуы керек. Бір жарым минутта бір теореманы дәлелдеу, қандай да бір күрделі есепті шығару тіптен мүмкін емес. Сондықтан тест сұрақтары өте қарапайым, төменгі сыныптарда оқытылатын материалдар негізінде құрастырылады. Ондағы ұсынылған төрт жауаптың дұрыс біреуін белгілеу - талапкердің білімін емес, есте сақтау қабілетінің деңгейін көрсетеді. Дерек яки мәлімет негізделген ақыл-ойдың немесе пәндік әрекеттің бағдарлы негізі ретінде қалыптасқанда ғана білімге айналады. Ал дайын жауаптардың дұрыс біреуін таңдау - тестология ғылымында оқу үдерісі барысында оқушылардың тек бір тақырыпты немесе бөлімді қалай меңгергенін анықтау үшін пайдаланылатын ең қарапайым тәсіл.
Екіншіден, берілген бес пәннің төртеуі - барлық мектеп түлектері үшін ортақ пәндер, біреуін оқушылардың өзі таңдайды. Айталық, талапкер мектеп қабырғасында химия пәнін жақсы оқып, үнемі ізденіп, көптеген олимпиадаларға қатысып, үздік ондықтан орын алып жүр делік. Ол жүз мыңдаған мектеп бітірушілерінің арасындағы химия пәнін терең меңгерген үздік он баланың бірі бола тұра, ЖОО-на оқуға түсе алмауы мүмкін. Себебі, ҰБТ-ның ережесіне сәйкес, талапкер таңдау пәнінен басқа міндетті 4 пәннен емтихан тапсыруы тиіс. Қазақ немесе орыс тілінің балынан бөлек 4 пәннің ортақ есебі ЖОО-на түсуге мүмкіндік беретін жолдаманың тағдырын шешеді. Жаңағы химиядан озат оқушы басқа пәннен әлсіздеу болғаны есебінен оқуға қабылданбай қалуы бек мүмкін. Егер ол талапкер шетелдердің жетекші оқу орындарының химия факультетіне құжатын тапсырса, қабылдайды. Себебі, мұндай алдыңғы қатарлы оқу орындарында ең алдымен, түлектердің таңдау пәні бойынша қабілеті басшылыққа алынады.
Ең өкініштісі - ҰБТ еліміздегі жалпы білім сапасын көтеруге кері әсерін тигізіп келеді. Мұны барлық мұғалімдер жақсы білгенімен, ашық айта алмайды. Соңғы жылдары оқушылардың ҰБТ-дан жинаған орташа балы білім ордасының негізгі көрсеткіші ретінде бағаланатын болды. Сәйкесінше, соңғы екі оқу жылында мектептердің басты мақсаты ҰБТ көрсеткішін жақсарту болды. Яғни, мұғалімдер ҰБТ-ға кіретін негізгі төрт пәнді талапкерлер дұрыс тапсыруы үшін, тек сол пәндердің тапсырмалар жинағымен жұмыс жасап келді. Бұл тест сұрақтарының деңгейінің төмендігін жоғарыда атап өттік. Ал басқа сабақтарды тиімді оқыту назардан тыс қалып отыр. Бүгінгі білім ордаларының діттегені - терең білім беру емес, қайткен күнде ҰБТ қажет көрсеткішіне қол жеткізу. Осы мақсатта, яғни мектептің деңгейіне кері әсерін тигізбеу үшін кей білім ошақтарының басшылығы сабақ үлгерімі төмен балаларды бұл тестілеуге қатыстырмауға дейін барады.
Елімізде педагогикалық тестология ғылымы дамымаған, тестолог мамандарды даярлайтын «педагогикалық квалиметрия» мамандығы ашылған емес. Сол себепті, мұндай тестілеуді дамыту үшін аса қажет жүйелі ізденіс жұмыстары жүргізілмей келеді. Өткен ғасырдың 80-жылдарына дейін әлемде білім сапасын анықтауда дұрыс жауаптардың нәтижелері машина көмегімен өңделетін жабық тестілеу жүйесі пайдаланылуда. Сол жылдары талапкер білімінің сапасын көптеген шынайы параметрлер бойынша анықтайтын кешенді тестілеу жүйесіне өту басталды. Содан педагогикалық тестология ғылымы қарқынды дамып келеді. PISA, TIMSS, PIRLS тәрізді білім беру сапасын бағалаудың Халықаралық зерттеулері және басқа да зерттеулер педагогикалық өлшеудің озық әдістерін қолдануға негізделген.
Дамыған елдерде білім сапасын анықтайтын өлшем жүйесі жасалмайынша, білім сапасын көтеру мүмкін емес деп есептеледі. Білім сапасын көтеру үшін оның ағымдағы жағдайы нақты анықталып, олар ғылыми негізде сараланып, содан кейін ғана сапа деңгейін көтеру үшін нақты шешімдер қабылдануы керек-ті. Әлемнің жетекші елдерінде білім беру сапасын сараптау жүйесін құруға ерекше көңіл бөлінеді.
Еліміздегі білім беру сапасына шынайы баға беру үшін білім беру сапасын сараптау жүйесін жетілдіру аса маңызды. Бұдан бөлек, әр сыныптағы білім жетістігін бағалау үшін педагогикалық өлшемдер жүйесін, яғни жетілдірілген бірыңғай тестілеу жүйесін жасап, тестология ғылымын дамыту мақсатында «педагогикалық квалиметрия» мамандығын ашып, тестолог мамандар даярлау қажет.
Гүлзина БЕКТАС, Айдана НҰРМҰХАН, «Айқын» газеті.