Учаскелік полицейлер қоғамдық тәртіпті планшет арқылы бақылайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласында «Қауіпсіз аула» атты жоба іске асып келеді. Соның аясында құқық қорғаушылар тұрғын үйлерде орнатылған бейнебақылау камераларына қосылып, қоғамдық тәртіпті бақылап жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Учаскелік полицейлер қоғамдық тәртіпті планшет арқылы бақылайды

Алматы қалалық Ішкі істер департаменті техникалық қызметтің бастығы Ольга Агафонованың айтуынша, бүгінде тұрғын үйлердің ауласында және подъездерде бейнебақылау жүйесін жекеменшік компаниялар орнатады. «Қауіпсіз аула» жобасы аясында дәл сол камералардың сигналы аудандық полиция бөлімшелеріне шығарылады. Осылайша, тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті онлайн режимде бақылай алады. «Былайша айтқанда, біз камералардың сигналын әрбір ауданының ішкі істер департаментіне шығарып, шағын жедел басқару орталықтарын құрып отырмыз. Барлық материалдар 30 күн сақталады. Болашақта операторлар қажет болады», - деді О.Агафонова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Алматы қаласы бойынша 115 мың камера бар. Соның басым бөлігі - 93 процентін жекеменшік компаниялар орнатты. «Әзірше, 1 700 камера ғана бір жүйеге қосылды. Жылдың аяғына дейін 22 мың камера қосылады деген жоспар бар. Алайда бұның барлығын іске асыру үшін шамамен 500 млн теңге қажет. Оның ішінде сигналды қосу, жүйелерді ретке келтіру, қызмет көрсету және тағы басқа шығындар бар. Сосын қазіргі кезде тәртіп сақшыларына планшеттердің беріліп жатқанын бәріміз жақсы білеміз. Біз осы жобаның аясында әрбір учаскелік инспектор жеке планшетіне өзіне қарасты ауданның камераларын қосып беруді жоспарлап отырмыз. Соның арқасында әрбір учаскелік инспектор бәрін онлайн режимде бақылай алады», - деп атап көрсетті О.Агафонова.

Айта кетейік, ҚР Ішкі істер министрлігі жылдың аяғында барлық автопатрульдерді планшетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Жалпы, учаскелік инспекторлар, кәмелеттік жасқа толмағандар бойынша инспекторлар және тағы басқа әкімшілік xаттама толтыратын барлық мамандарды толығымен жасақтау үшін 23 мың планшет керек.