UCI президенті П. Макуэйд Н. Назарбаевпен кездесуі барысында 2016 жылы Қазақстанда халықаралық веложарыс өткізу мәселесін талқыламақ
Бұл туралы мәртебелі мейман, Велосипедшілердің халықаралық одағының президенті (UCI) Пет Макуэйд журналистерге берген сұхбатында мәлім етті.
«Қазақстанда жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстарды өткізудің әлеуеті де, мүмкіндігі де зор. Менің ойымша, 2016 жылы Астанада велоспорттан халықаралық деңгейдегі жарысты өткізуге әбден болады. Сонымен қатар, Қазақстан бүгінгі күні аса ірі, әрі аса жақсы халықаралық велодромға иеленіп отыр. Оның үстіне қазақстандық велоклубтардың өзі көптеген халықаралық деңгейдегі жарыстарда белсенділікпен көзге түсуде», - деді Пет Макуэйд.
Сонымен қатар, мәртебелі мейман бүгін ҚР Президенті Н. Назарбаевпен кездесетінін айта келе, онда қазақстандық велоспортты дамыту мәселелері де талқыланатындығын атап өтті. «UCI тарапы Қазақстанда халықаралық веложарыс өткізуге қызығушылық танытатыны белгілі. Егер Мемлекет басшысы Н. Назарбаев тарапынан 2016 жылы жоғары деңгейдегі доданы өткізу туралы тілек білдірілсе, әрине қуана құптарымыз анық», - деді П. Макуэейд.