Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның аясында Жамбыл облысында 2014 жылға дейін аймақтық өнімнің жалпы көлемін 2008 жылғы деңгейден екі есеге арттыру жоспарланып отыр

Негізгі капиталға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 800 миллиардтан астам теңгені құрайды. Өнеркәсіптік өнімнің қосымша көлемі 256,4 миллиард теңгені құрайды. Ал облыстың өнеркәсіптік өнімінің жалпы үлесіндегі өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 80 пайызға дейін өседі (2009 жылы бұл көрсеткіш 74,4 пайызды құраған болатын).
Жүзеге асырылып жатқан шаралардың нәтижесінде жергілікті бюджеттерге жыл сайын қосымша 6,7 миллиард теңгенің салығы мен басқа міндетті төлемдері түседі. 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалардың қатарында шағын су-электр стансаларының құрылысы, минералдық тыңайтқыштар өндірісі, екі мал шаруашылығы кешенінің, екі құс фабрикасының, жылыжайлардың құрылысы, екі цемент зауыты мен гранит өңдеу және одан бұйымдар шығару цехының құрылысы бар. «Бұл жобалардың табысты жүзеге асырылуы аймақ экономикасының орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз етуге көмектеседі, өңірлік жалпы өнімнің көлемін арттыруға мүмкіндік береді», дейді облыс әкімі Қанат Бозымбаев.