UEFA Чемпиондар лигасы: «Қайраттың» бүгінгі ойынын қайдан көруге болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 21 шілдеде UEFA Чемпиондар лигасы екінші іріктеу сатысында Алматының «Қайраты» өз алаңында Сербияның «Црвена Звезда» командасымен алғашқы ойынын өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматылық команда бірінші іріктеу сатысында Израильдің «Маккаби» (Хайфа) командасын (2:0, 1:1) орта жолда қалдырып кетті.

Ал «Црвена Звезда» екінші іріктеу сатысына жолдама алған.

Сербиялық клуб 1945 жылдың 4 наурызында құрылған. Сербияның 8 мәрте чемпионы атанған. Сондай-ақ, 7 мәрте күміс, 1 мәрте қола жүлдегер атанды. Кейінгі төрт жылда қатарынан чемпион атағына қол жеткізіп келеді.

«Црвена Звезда» Чемпиондар лигасы топтық сатысында екі мәрте бақ сынады.

2018/19 жылғы кезеңде С тобында Францияның «Пари Сен-Жермен», Англияның «Ливерпуль» және Италияның «Наполи» клубтарымен шеберлік байқасты. Өз алаңында «Наполимен» 0:0 есебімен тең түсіп, «Ливерпульді» 2:0 есебімен тізе бүктірді. Нәтижесінде төрт ұпаймен өз тобында соңғы орынды місе тұтты.

Сербиялық клуб 2019/20 жылғы кезеңде B тобында Германияның «Бавария», Англияның «Тоттенхэм Хотспур» және Грекияның «Олимпиакос» клубтарымен кездесті. Бір кездесуде «Олимпиакосты» өз алаңында 3:1 есебімен жеңіп, нәтижесінде небәрі үш ұпайды қанағат тұтты. Тобында төртінші орыннан арыға аса алған жоқ.

Еске салсақ, екі команда бұған дейін 2015/16 жылғы Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінде кездескен болатын. Алдымен 2 шілдеде сырт алаңда 2:0 есебімен басым түскен қазақстандық клуб Алматыда аталған қарсыласын 9 шілдеде 2:1 есебімен жеңді.

Айта кетсек, «Қайрат» бұдан бұрын аталған доп додасында 2005/06 жылғы кезеңде бақ сынады. Бірінші іріктеу сатысында Словакияның «Артмедиа» клубын алдымен 2:0 есебімен жеңсе, одан кейін сырт алаңда қарсыласына 1:4 есебімен есе жіберіп қойды. Осылайша жарыстың келесі сатысына «Артмедиа» жолдама алды.

Бүгінгі кездесу Алматы қаласындағы орталық стадионда өткізіледі. Ойынға түркиялық Халил Мелер төреші болады. Оған отандастары Мұстафа Эйисой пен Джевдет Комурджуоглу көмектеседі. Қосалқы төреші де түркиялық Арда Кердешлер.

Ойын елорда уақытымен 19.50-де басталып, Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.


Соңғы жаңалықтар