УЕФА Чемпиондар лигасы: «Порту» командасына «Ливерпуль» алынбас қамал болып тұр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Чемпиондар лигасы ширек финалының соңғы екі қарымта ойыны өткізілді. Португалияның «Порту» командасы өз алаңында Англияның «Ливерпуль» клубын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, қазірге дейін аталмыш дүбірлі дода барысында жартылай финалға жолдама алған екі команда белгілі. Испанияның «Барселона» клубы Англияның «Манчестер Юнайтедін» орта жолда қалдырды. Олар аталмыш қарсыласынан екі кездесуде 3:0, 1:0 есептерімен басым түсті. Ал Голландияның «Аяксы» кішігірім сенсация жасады деуге негіз бар. Италияның «Ювентус» командасымен өз алаңында 1:1 есебімен тең түскен олар сырт алаңда 2:1 есебімен жеңіп кетті.

Осылайша жартылай финалға жолдама алған «Барселона» мен «Аякстың» қатарын бүгін «Порту» мен «Ливерпуль», Англияның «Манчестер ситиі» мен «Тоттенхэм Хотспур» жұптарының жеңімпаздары толықтырады.

Енді «Порту» мен «Ливерпуль» кездесуіне қайта оралайық. «Порту» әр жылдарда Чемпиондар кубогы және Чемпиондар лигасы деген атауға ие болған дүбірлі додада 1986/1987 және 2003/2004 жылғы додада екі мәрте чемпион атанып үлгерген. Соңғы 15 жылдан бері жартылай финалға жете алған емес. Ал «Ливерпуль» аталмыш бәсекеде бес мәрте кубокты еншіледі. Соңғы рет 2004/2005 жылғы турнирде бас бәйгеге ие болды. Былтыр финалға дейін жетті. Соңғы сәтте Испанияның «Реал» клубынан 1:3 еесбімен жеңіліп, қол созым жердегі кубок сусып кетті. Сол кеткен есені биыл қайтара ала ма? Бұл үшін бүгін «Порту» командасын жеңуі тиіс. Англия төрінде өткен алғашқы кездесуде «Ливерпуль» 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Екі команда былтыр да Чемпиондар лигасы 1/8 финалында кездесті. Порту қаласында өткен ойында алаң иелері аталмыш қарсыласына 0:5 есебімен жол берген еді. Ал Англияда болған ойында есеп ашылған жоқ. Ағылшын жанкүйерлері өз командасынан өткен жылғыдай қарқынды ойын күткені анық.

Бүгінгі матчта португал футболшылары кездесу басынан қарқынды ойын көрсетуге тырысты. Алаңның барлық шебінен «Ливерпуль» қақпасына шабуыл жасады. Кейбір сәтте олар қақпаны дәл көздей алмай жатты. Ендігі бірінде ағылшын қорғаушылары мықтылық танытса, тағы біреуінде «Ливерпуль» қақпашысы Алисон Бекер әбжіл қимылымен көзге түсті. Бірінші кезеңде ойын тізгіні негізінен португалдық клубта болды. Десе де голды ағылшындар соғып кетті. Бұл 26-минутта орындалды. Әріптесі Мохамед Салахтың әдемі шығарып берген пасын Садио Мане голға айналдырып кетті. Оған алаң иелері ойыннан тыс қалды деп дау айтқан еді. Төрешілер аз-кем кеңестен кейін гол барлық талапқа сай соғылған деген шешім қабылдап, ойын қайтадан алаң ортасынан басталды.

Екінші кезеңде «Портудың» қарқыны шамалы бәсең тартты. Десе де шабуылға шығуды ұмыта қойған жоқ. Осындай сәттер олардың қорғаныс шебі сыр берді. Кездесудің 65-минутында «Ливерпуль» жартылай қорғаушысы Мохамед Салах «Порту» қақпашысы Икер Касильяспен бетпе-бет шықты. Жартылай қорғаушы бұл мүмкіндікті голға айналдырып кетті. Бұдан кейін португал командасы ес жиғандай болды. «Порту» сапынан 68-минутта Эдер Милитао мергендік танытып, есеп айырмасын қысқартты. Дегенмен олар жарысты жалғастыру үшін енді төрт гол соғуы қажет еді. Ал 73-минутта ағылшын клубы сапынан Садио Мане бос қақпаға допты тура көздей алған жоқ. Бұдан кейін «Ливерпуль» тағы екі гол соқты. Алдымен 77-минутта Роберто Фирмино, 84-минутта Вирджил ван Дейк мергендік танытты. Осылайша «Ливерпуль» «Портуды» 4:1 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.

Айта кетерлігі, бұған дейін екі команда жеті мәрте кездескен екен. Оның үшеуі тең аяқталса, қалғанында «Ливерпуль» жеңіске жеткен. Қысқасы, «Порту» командасы үшін «Ливерпуль» алынбас қамал болып тұрған жайы бар. Сондай-ақ, олар соңғы бес кездесуде ағылшын клубынан 15 гол жіберіп, оған небәрі екі голмен ғана ажуап қайыра алды.

Енді «Ливерпуль» жартылай финалда Испанияның «Барселона» командасымен кездеседі. Бұл ойындар 30 сәуір және 7 мамыр күндері өткізіледі.

Біз бұдан бұрын «Ливерпуль» бірінші кезеңнен кейін «Портуды» 1:0 есебімен жеңіп жатқанын хабарлаған едік

Соңғы жаңалықтар