UEFA Конференция лигасы: «Қайрат» топтық кезеңге жолдама алды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық «Қайрат» UEFA Конференция лигасы топтық кезеңіне жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

UEFA Конференция лигасы: «Қайрат» топтық кезеңге жолдама алды

Бүгін «Қайрат» Люксембургтің «Фола» командасымен қарымта ойын өткізді. Екі команда арасындағы алғашқы кездесуде алматылық клуб сырт алаңда қарсыласынан 4:1 есебімен басым түскен болатын.

Сондықтан люксембургтік клубтың бүгінгі кездесуде екі ойын бойынша таразы басын теңестіруі қажет еді.

Ойынды алматылық клуб белсенді бастады. Нәтижесінде 12-минутта «Қайрат» шабуылшысы Артур Шушеначев мергендік танытып, командасын алға шығарды. Ал 28-минутта Вагнер Лав есепті ұлғайта түсті. Ойынның 36-минутта Артур Шушеначев тағы бір мәрте қанжығасын майлады.

Бұдан кейін 43-минутта «Фола» сапынан Мирза Мустафич есеп айырмасын қысқартты.

Бүгінгі кездесуде «Қайрат» қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсті. Осылайша UEFA Конференция лигасы топтық кезеңіне жолдама алды

Еске салсақ, «Қайрат» алдымен Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу сатысында Израильдің «Маккаби Хайфа» клубынан (1:1, 2:0) басым түсті. Одан кейін Сербияның «Црвена Звезда» клубына (2:1, 0:5) жол беріп қойды.

Еуропа лигасы үшінші іріктеу сатысында «Қайрат» Арменияның «Алашкертіне» (0:0, 2:3) есе жіберді.

Сондай-ақ, бүгін UEFA Конференция лигасы плей-офф сатысында Қарағандының «Шахтері» сырт алаңда Израильдің «Маккаби Тель-Авив» клубымен кездеседі.

Айта кетсек, UEFA Конференция лигасында елордалық «Астана» және қостанайлық «Тобыл» командалары сынға түскен еді. Олар үшінші іріктеу сатысынан аса алған жоқ.