00:36, 13 Тамыз 2021 | GMT +5
UEFA Конференция лигасы: «Тобыл» «Жилинаға» жол берді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - UEFA Конференция лигасы үшінші іріктеу сатысында қостанайлық «Тобыл» сырт алаңда Словакияның «Жилина» командасынан жол берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі команда арасындағы алғашқы кездесуде қостанайлық клуб елордада 0:1 есебімен жол берген еді.
Ал бүгінгі кездесуде «Жилина» басымдығын арттыра түсті. Ойын барысында олардың қатарынан Давид Дюриш 14, Матуш Руснак 41, Ваган Бичахчян 64, Тибор Слебодник 81-минуттарда мергендік танытса, Ваган Бичахчян 91-минутта қорытынды есепті белгіледі.
Еске салсақ, бүгін Еуропа лигасы үшінші іріктеу сатысында Алматының «Қайраты» сырт алаңда Арменияның «Алашкертіне» жол беріп, енді Конференция лигасы плей-офф сатысында ойын көрсететін болды.
Ал Конференция лигасы үшінші іріктеу сатысында «Астана» өз алаңында Финляндияның КуПС клубына жол берсе, Қарағандының «Шахтері» Украинаның «Колосын» қапы қалдырып кетті.