UEFA Конференция лигасы: «Астана» «Динамо Загребтен» ірі есеппен жеңілді
Қазақстандық «Астана» командасы футболдан UEFA Конференция лигасы топтық кезеңіндегі алғашқы ойынын сырт алаңда Хорватияның «Динамо Загреб» командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Командалар алғашқы минуттан бір-бірінің қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Хорватиялық команда жылдам гол соғу мүмкіндігін іздеді. Оған елордалық клуб қорғаушылары лайықты төтеп беріп жатты.
Ойынның 43-минутында «Астана» шабуылшысы Дембо Дарбо өз айып алаңында қарсылас команда ойыншысын шалып жықты. Төреші белгілеген пенальтиден Бруно Петкович мүлт кеткен жоқ. Ол 53-минутта тағы да пенальтиден гол соқса, 58-минутта Марко Булат мергендік танытты.
Ойынның 78-минутында елордалық клубтан Камо Оганесян есеп айырмасын қысқартқанмен, одан кейін хорватиялық командадан Антонио Марин 85, Тибор Халилович 93-минутта екі гол соғып кетті,
Осылайша «Астана» қарсыласынан 1:5 есебімен жеңілді.
Айта кетсек, елордалық клуб биыл аталған қарсыласына Чемпиондар лигасы екінші іріктеу сатысында (0:4, 0:2) есе жіберді.
Сондай-ақ, 2018 жылы Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу сатысында «Динамо Загреб» командасы «Астананы» (1:0, 2:0) қапы қалдырды.
Енді елордалық клуб алдағы ойынын 5 қазанда елордада Чехияның «Виктория Пльзень» командасына қарсы өткізеді.
Бірінші турдағы барлық ойын нәтижесі төмендегіше:
А тобы: «Лилль» (Франция) - «Олимпия» (Словения) 2:0, «Слован» (Чехия) - «Клаксвик» (Фарер аралдары) 2:1
В тобы: «Заря» (Украина) - «Гент» (Бельгия) 1:1, «Маккаби Тель-Авив» (Израиль) - «Брейдаблик» (Исландия) 3:2
С тобы: «Динамо Загреб» (Хорватия) - «Астана» (Қазақстан) 5:1, «Виктория Пльзень» (Чехия) - «Балкани» (Косово) 1:0
D тобы: «Брюгге» (Бельгия) - «Бешикташ» (Түркия) 1:1, «Лугано» (Швейцария) - «Будё-Глимт» (Норвегия) 0:0,
E тобы: «Легия» (Польша) - «Астон Вилла» (Англия) 3:2, «Зриньски» (Босния және Герцоговина) - «Алкмаар» (Нидерланд) 4:3
F тобы: «Ференцварош» (Венгрия) - «Чукарички» (Сербия) 3:1, «Генк» (Бельгия) - «Фиорентина» (Италиия) 2:2
G тобы: «Айнтрахт» (Германия) - «Абердин» (Шотландия) 2:1, ХИК (Финляндия) - ПАОК (Грекия) 2:3