UEFA және CONCACAF Ұлттар лигасы жобасын біріктіруді жоспарлап отыр
АСТАНА. KAZINFORM - Еуропа және Солтүстік Америка футбол конфедерациялары Ұлттар лигасын біріктіру жобасын талқылап жатыр. Бұл жөнінде The Guardian басылымы мәлім етті.
Жаңа жарысқа UEFA және CONCACAF құрамындағы барлық 96 құрама қатысады деп жоспарланып отыр. Олардың 55-і Еуропа, 41-і Солтүстік Америка құрлығында орналасқан.
Ұлттық құрамалар рейтинг негізінде бірнеше дивизионға бөлінеді. Жоғары дивизионда Испания, Франция, Англия, АҚШ, Мексика, Канада секілді Еуропа мен Солтүстік Америка құрлықтарының жетекшілері құрамалары сынға түседі деп жоспарланып отыр.
Мамандар Қазақстан ұлттық құрамасының рейтингідегі жағдайы бойынша төменгі дивизионда сынға түсуі мүмкін екенін айтады.
Бұл ретте жаңа формат командаға Еуропа мен Солтүстік Америкадағы салыстырмалы деңгейдегі қарсыластарымен тұрақты ресми матчтар өткізуге мүмкіндік береді. Топтық кезеңдегі ойындарды халықаралық деңгейдегі кездесулер жоспарланған қыркүйек, қазан, қараша айларында өткізу жоспарланған. Жарыстың плей-офф сатысы наурыз айына белгіленсе, төрт құраманың қатысуымен финалдық сатысы маусым айында болады.
Ұлттар лигасының біріктірілген жобасы 2028 жылғы Еуропа чемпионатынан кейін басталуы мүмкін. Турнир екі жылда бір мәрте өткізілмек.
Қазір жоба талқыланду үстінде. Сондықтан жарысты өткізудің соңғы форматы мен болатын уақыты өзгеріске ұшырауы ықтимал.
Еске салсақ, футболдан Қазақстан Премьер-лигасы ойындарына өзгеріс енгізілді.