ҮЕҰ-ны қаржыландыру немесе мемлекет азаматтардың бастамаларын қалай қолдайды — Лима Диас

АСТАНА. KAZINFORM – «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ төрайымы Лима Диас ҮЕҰ-ды мемлекеттік қаржыландыру жайын, оның қалай жұмыс істейтінін және мемлекеттік емес секторда мемлекеттік қаржыландыруды бөлу кезінде тәртіптер мен заңдылықтардың сақталуына кім жауап беретініне қысқаша тоқталды.

Лима Диас
Фото: Kazinform

ҮЕҰ секторын дамыту – демократия мен әділдікке жасалған қадам  

Азаматтық қоғам институттарын дамыту заманауи демократиялық мемлекеттің негізі саналады. Осы үрдістің арқасында қоғам мен билік дамыған құқықтық, әлеуметтік, моральдық және экономикалық қатынастарды құрады. Таза әрі түсінікті. Тек осылай ғана дамып, айналамызда болып жатқан жайттарды өзгерте аламыз.

Азаматтық қоғам құрудың басты механизмдерінің бірі - үкіметтік емес ұйымдар. Мемлекет үкіметтік емес саланы қолдауы қажет, яғни, қоғамдық бастамалар мемлекеттік қаржыландыруды алуы керек және оны ала алады. Алайда мұнда бір сұрақ туындайды. Мысалы, дамытуға берген гранттарды алған ҮЕҰ қызметіне билік тікелей әсер ете алмайды дегенді қалай түсінуге болады? Бұл ерекше бақылауда болуы қажет маңызды нюанс.

Мемлекеттік емес секторда мемлекеттік қаржыландыруды бөлу кезінде тәртіптер мен заңдылықтардың сақталуына кім жауап беретінін талқылап көрейікші.

Үшінші сектор

Дамыған азаматтық қоғам өмірдің барлық саласында азаматтық белсенділікті жүзеге асыруды қамтамасыз ететін институттарға сүйенеді. Мықты азаматтық қоғамсыз ешбір ел тұрақты демократиялық даму жолына түсе алмайды. Халық мемлекеттік басқару үрдісіне араласу мүмкіндігіне ие болу қажет.

Азаматтық қоғамның даму үрдісі «үшінші сектор» деп аталатын саланың дамуымен тығыз байланысты.

Үшінші сектор – коммерциялық емес бастамаларды жүзеге асыру үшін азаматтар құрған үкіметтік емес ұйымдардың барлық спектрін жинақтайтын тұжырымдама. Мұндай институттарға ҮЕҰ-дан басқа саяси партиялар, жергілікті қауымдастықтар, кәсіподақтар, діни бірлестіктер, шығармашылық, қоғамдық және ғылыми одақтар, бұқаралық ақпарат құралдары жатады.

Үшінші сектор – қоғамды өзгерту үшін жұмыс істеуге дайын қоғамның бөлігі.

Тәуелсіз басқару

Азаматтық қоғамды жасанды жолмен құруға болмайды. Әлбетте, үкіметтік емес сектордың ісіне мемлекет тікелей араласпауы керек, әйтпесе ондағы жұмыс түптеп келгенде өз мәнін жоғалтады. Дегенмен, ҮЕҰ қызметін қаржыландыру – жоғары мінберлерден бірнеше рет айтылған қажетті міндет.

Сонымен қатар қазіргі таңда коммерциялық емес ұйымдарды есепке алу шешімін таппаған мәселе күйінде қалып отыр. Барлық ресми дереккөз елдегі азаматтық бірлестіктердің қызметі мен нақты жұмыс істейтін ұйымдардың саны туралы жан-жақты мәлімет алуға мүмкіндік бермей тұр.

Кез келген елдегі бұл екі проблеманы мемлекеттік ақша мен үкіметтік емес сектордың өзара әрекеттесуінің ашықтығына кепілдік беретін ұйым шеше алады. Қазақстанда бұл мәселемен ҮЕҰ секторында гранттарды бөлу бойынша бірыңғай оператор - «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ айналысады.

Ұйым 2016 жылы пайда болды және бүгінде бұл орталық жобаларды басқару, әлеуметтік жобаларды іске асыру мониторингі мен бағалау, сондай-ақ гранттық конкурстарды өткізу бойынша жетекші құзыреттерді топтастырады. Менің ойымша, кейбір кедергілерге қарамастан (бірақ оларды өсу мүмкіндігі ретінде қарастыруға болады), ұйым өзінің сегіз жылдық жұмысы нәтижесінде қазіргі гранттық қаржыландыру моделін айтарлықтай институционалдық өміршең құрал ретінде көрсетті.

Екі миллиард теңгеден астам

2015 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс саласына өзгерістер енгізу нәтижесінде ҮЕҰ бастамаларына тікелей мемлекеттік қолдаудың баламасы ретінде гранттық механизмнің нормативтік-құқықтық базасы қаланды. Бүгінгі таңда мүдделі ҮЕҰ-ға қатысу шарттары мен тапсырыс берушілер үшін гранттарды әзірлеу мен оларды беру - бірыңғай ережелерді белгілейтін тиісті заңдар мен нормативтік актілер арқылы реттеледі.

Егер грант беру тетігінің бастапқы кезеңінде негізгі мемлекеттік субъект ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі (бүгінгі күнге дейін қатысушылардың ішіндегі ең ірісі екенін атап өткен жөн) уәкілетті органы болса, қазір грант операторы арқылы жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдардың да гранттар беруге құзыреті бар.

Осылайша, мемлекеттік гранттарды әртараптандыру алғаш рет 2022 жылы жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылды. Жергілікті атқарушы органдарды жұмылдыру бойынша кешенді жұмыстарды жүргізу Орталық мемлекеттік гранттар тапсырыс берушілер санын 17 есеге арттырды (2016 жылы – уәкілетті орган атынан 1 тапсырыс беруші, 2023 жылы – уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдар атынан 17 тапсырыс беруші), ал көрсетілген мемлекеттік қолдау көлемі – 11 есеге (2016 жылы – 194,5 млн. теңге, 2023 жылы – 2,1 млрд. теңге) артты.

Орталық мемлекеттік гранттардан басқа, корпоративтік сектор есебінен мемлекеттік емес гранттарды да береді. 2021-2023 жылдар аралығында ҮЕҰ үшін Орталықтың дербес күшімен 165,8 млн теңгеге 26 мемлекеттік емес грант тартылып, берілген болатын.

Мұның бәрі не береді

ҮЕҰ гранттық қаржыландыруға қатысу арқылы әлеуметтік мәселелерді шешу үдерісіне белсенді түрде қатысады. Атап айтқанда, Орталық мәліметтеріне сәйкес, соңғы 4 жылда республика бойынша ҮЕҰ дерекқорында жобаларды жүзеге асыратын және өз қызметі туралы есеп беретін белсенді ҮЕҰ-ның шамамен 13%-ы жыл сайын гранттық конкурстар мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстармен қамтылған (2020 жылдан 2023 жылға дейін 2800-ден астам ҮЕҰ жобаларды жүзеге асырған). Мемлекеттен гранттық қолдау алатын ҮЕҰ пулы шамамен 25%-ға өсті (2020 жылы – 117 гранттық жоба, 2023 жылы – 136 гранттық жоба). Кейбір үкіметтік емес ұйымдар бірнеше гранттық жобаны жүзеге асырды.

Сонымен қатар гранттық қаржыландыру ҮЕҰ-ға жобаларды басқаруды «жаңартуға» көмектеседі. Бұл көрсеткіш өтінімдер сапасының артуы мысалында анық көрінеді. Егер 2020 жылы техникалық тексеру сатысында гранттық өтінімдерден бас тарту үлесі 33%-ды құраса (1 007 өтінімнің 332-сі қабылданбады), 2023 жылы ол көрсеткіш 19,6%-ға дейін төмендеп, 728 өтінімнің 143-і ғана қабылданбады.

Ашықтық және нәтижелер

ҮЕҰ секторын дамыту, жоғарыда айтқанымдай, қоғамды демократияландырудың маңызды бөлігі саналады. Бұл процестің қалай жүретінін түсіну үшін нәтижелерді, олардың қолдану мүмкіндігін, өзектілігін және әлеуметтік маңыздылығын бағалау жүйесі қажет. Бұл мәселені де ақшаны бөлу тетігі сияқты бақылауда ұстау қажет. Сондықтан «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ бюджетті түгендеу үшін ғана емес, гранттардың іске асырылуына бақылау жасау үшін, грант алушылардың әлеуметтік және/немесе экономикалық салаға қосқан үлесін бағалау үшін де қажет. Басқаша айтқанда, азаматтық қоғамның мүмкіндіктеріне қол жеткізе алатын адамдардың санын шамалау мүмкін емес.

Бұл ретте грант операторы жүзеге асырылатын жобалардың қаржылық ашықтығын ғана емес, олардың әлеуметтік тиімділігін де талап етеді. Қол жеткізілетін мақсаттар, әкімшілік, технологиялық және кадрлық ресурстардың жеткілікті саны көрсетіледі. Айқын, өлшенетін нәтижелер. Бұдан да оңай не болуы мүмкін?

Өткен жылы Орталық жобаның бенефициарлары арасында олардың қанағаттану деңгейі мен жобалардың әсерін бағалау үшін сауалнама жүргізген болатын. Бұл сауалнама жобаларды іске асыру қорытындысы бойынша жүргізілді және барлық бенефициарларға қолжетімді болды. Сауалнама гранттардың мақсатты топтарының өкілдерінен тікелей кері байланыс алуға және ҮЕҰ жобаларының тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік берді. Сауалнама нәтижелері әлі де өңделуде. Мен оның нәтижелерімен кейінірек міндетті түрде бөлісемін. Алайда қазірдің өзінде нақты айтуға болатын нәрсе – адамдар гранттық қаржыландыру тетіктерін жақсырақ түсіне бастады. Әрине , бұл әлі қол жеткіміз келетін нәтиженің шегі емес.

Сапалы өзгерістер

Барлық процес ыңғайлы және интуитивті түсінікті және әрине, ашық әрі айқын болуы керек. Сондықтан өткен жылдың соңында Азаматтық бастамаларды қолдау орталығында түбегейлі қайта құрылымдау болды. Жаңа құрылым гранттарды беру және іске асыру бойынша қазіргі бизнес-процестердің негізінде қалыптастырылды және гранттық механизмге қатысатын барлық мүдделі тараптарға (ҮЕҰ, мемлекеттік органдар, серіктестер) сервистік қолдау көрсетуге бағытталады. Бұл шара оператордың жұмысына да, гранттық қаржыландыру алған жобалардың әлеуметтік әсеріне де оң әсер етеді деп күтілуде.

ҮЕҰ цифрландыру

Цифрландыру туралы айтатын болсақ, жалпы Қазақстан бұл сала бойынша көптеген елден айтарлықтай озық тұр. Бізде «цифрлық» көрсеткіште көршілеріміз тек армандай алатын дүниелер бар. Және біз бұл туралы мақтанышпен айта аламыз.

Жалпы адамдар, бизнес және Үкімет арасындағы өзара әрекеттестіктің кез келген саласы цифрлануы мүмкін және қажет деп ойлаймын.

Сондықтан биыл орталық базасында гранттық қаржыландыруды басқарудың цифрлық платформасын әзірлеу жоспарланып отыр. Бұл платформа ҮЕҰ есептерін жасау және ұсыну, жобалық қызметті жүргізу, өтінім беру процесін автоматтандыру және цифрландыру арқылы ҮЕҰ-ның кең ауқымы үшін грант алу мен іске асыру шараларына барынша қолжетімділікті ұсынады. Сонымен қатар бағдарламалық өнім үлкен деректер негізінде гранттық қаржыландыруға терең талдау жүргізуге, ҮЕҰ алатын қолдау туралы сапалық және сандық ақпаратты жинауға, сондай-ақ мемлекеттік қолдауды жоспарлау бойынша ұсыныстарды қалыптастыру үшін көлеңкелі заңдылықтарды анықтауға мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, айтарым, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы - ашықтықты, терең талдауды, тәртіп пен заңды қамтамасыз ететін азаматтар мен мемлекеттің өзара іс-қимыл жүйесіндегі маңызды құрылым. Бұл бізге ел ретінде түбегейлі дамуы ешқашан тоқтамайтын демократиялық республика ретінде тағы да нығаюымызға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар