UFC неге Өзбекстаннан гөрі Қазақстанға басымдық беріп отыр – сарапшы пікірі
АСТАНА. KAZINFORM – Өзбекстандық спорт блогері әрі ММА комментаторы Шохрух Абубакиров UFC ұйымының Орталық Азиядағы алғашқы турнирін Қазақстанда өткізуі мүмкін екеніне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sports.kz.
Оның айтуынша, UFC 2027 жылғы 1 мамырда Алматыдағы «Алматы Аренада» алғашқы турнирін ұйымдастыруы мүмкін. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
– Достар, UFC Өзбекстанға бұрынғыдан да жақындай түсті. Тараған ақпаратқа сәйкес, 1 мамырда Қазақстанның Алматы қаласындағы «Алматы Аренада» UFC Орталық Азиядағы алғашқы турнирін өткізеді. Қазір UFC Қазақстанмен келіссөздерді жалғастырып жатыр. Барлық мәселе әлі толық келісілген жоқ, бірақ турнирдің өтуі іс жүзінде шешілген деген ақпарат бар, – деді Абубакиров.
Блогердің мәліметінше, турнирге ең арзан билеттің бағасы 400 мың өзбек сумынан, яғни шамамен 15 мың теңгеден басталуы мүмкін. Дегенмен билет бағасы туралы да ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Ол Өзбекстан ММА қауымдастығының президенті Отабек Умаров биыл жазда UFC басшысы Дана Уайтпен келіссөз жүргізгенін еске салды. Сол кезде ұйым 2027 жылы Өзбекстанда турнир өткізу мүмкіндігін де қарастырған.
Абубакировтің сөзінше, Өзбекстанмен келіссөздер әлі жалғасып жатыр және келесі жылы бұл елде де UFC турнирі ұйымдастырылуы мүмкін.
– UFC турнир өтетін елді таңдағанда ең алдымен жергілікті ұйымдар мен демеушілердің қаржылық ұсынысына, жергілікті спортшылардың танымалдығына және олардың жекпе-жекке дайындығына назар аударады. Одан кейін аренаның трансляция өткізуге арналған техникалық мүмкіндіктері мен билет сатылымы ескеріледі. Қазақстан осы көрсеткіштер бойынша бізден басым түскен сияқты. Мұны турнирді сол елде өткізу мүмкіндігі қарастырылып жатқанына қарап айтып отырмын. Дегенмен нақты білмеймін, біз де UFC-дің Өзбекстанға келуін күтеміз, – деді ол.
Қазақстанда UFC турнирін өткізу мүмкіндігі туралы ақпарат алғаш рет қазан айында тараған.
25 қазанда Абу-Дабиде өткен UFC 333 турнирінен кейінгі баспасөз мәслихатында ұйым президенті Дана Уайт Қазақстанда жарыс өткізу мәселесіне қатысты сұраққа жауап берген.
– Жақын арада. Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз, – деген еді ол.
Ал 19 қарашада Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов 2027-2028 жылдары UFC турнирлерін өткізу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатқанын ресми түрде растады.
Бейресми ақпарат көздері алғашқы турнирдің болжамды өтетін күні ретінде 2027 жылғы 1 мамырды, ал орны ретінде Алматы қаласын атаған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан ММА федерациясының президенті Сағындық Мекеев елімізде UFC турнирін өткізуге Алматыдағы «Алматы Арена» мен Астанадағы «Барыс Арена» спорт кешендері қолайлы екенін мәлімдеген еді.