ҰҒА: Елдегі 10 мың жұмыс істейтін адамның 23,7-сі ғана зерттеуші
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Абай Серікқанов қайта өңдеу өнеркәсібіне ғылыми инновациялар неге дендеп енбей жатқанын түсіндірді.

- Қайта өңдеу өнеркәсібіндегі инновациялық тұрғыда белсенді кәсіпорындардың үлесі соншалық жоғары емес – 1,7 пайыз. Шығарылған инновациялық өнімнің көлемі 2 млрд теңгеге жетті. Ал экспорты 5 есеге жуық өсті. 2023 жылы Қазақстан экономикасындағы жұмыспен қамтылған 10 мың адамға бар болғаны 23,7 адам ғана келген. Бұл Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының көрсеткішінен әлдеқайда төмен, - деді ол Сенатта өтіп жатқан кездесуде.
Айтуынша, бұл мәселеде өңірлер арасындағы көрсеткіштер ала-құла.
- Алматы-Астана қалаларында көрсеткіш біршама жақсы болғанымен кейбір облыстарда өте төмен. Ғылым академиясының пайымдауынша, ғылыми-технологиялық дамуға қаржыландырудың жетіспейтіні және тартылатын қарыздардың пайыздық мөлшерлемесінің жоғары болуы кедергі келтіріп отыр. Мысалы қарыз капиталының пайыздық мөлшерлемесі – 18 пайыз. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға берілген банк несиелерінің үлесі де төмен – 0,1 пайыз. Негізгі инфрақұрылымдар да тозған. Мысалы, қайта өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі қорлардың тозу деңгейі 41 пайызға жеткен. Бұл жаңа технологияларды енгізуге кедергі, - деді Абай Серікқанов.
Еске салсақ, наурыз айында Алматыдағы Ұлттық ғылым академиясы таратылатыны мәлім болған еді.