Уганда халқы әлемдегі ең жас монарх болған королін ақтық сапарға шығарып салды

АСТАНА. KAZINFORM – Угандадағы дәстүрлі Торо корольдігінің королі, ұзақ уақыт бойы әлемдегі ең жас монарх саналған IV Ойо Нимба Кабамба Игуру Рукиди ата-бабалары жерленген Карамби қабірлеріне жерленді. Бұл туралы Московский комсомолец басылымы жазды.

Уганда халқы әлемдегі ең жас монарх болған королін ақтық сапарға шығарып салды
Фото: BILD

Ойоның мұрагері болып тағайындалған тележүргізуші Эдвард Рукиди Киджанангома Карамби корольдік қабірлеріндегі Ойоның қабіріне тоғыз кофе дәнін тастап, осылайша Батыс Угандадағы корольдікте биліктің ресми түрде берілгенін білдірді.

Ойо 1995 жылы үш жасында таққа отырып, әлемдік БАҚ-тың назарын аударған. Оның тәж киіп, корольдік киімдегі бала кезіндегі суреттері бүкіл әлемге тараған. Ол өткен айда АҚШ-та қатерлі ісіктен емделіп жатып, 34 жасында қайтыс болды.

Угандада мемлекет басшысы сайлау арқылы анықталады. Алайда елде британдық отарлау дәуіріне дейін пайда болған бірнеше корольдік сақталған. Олар дәстүрлі бірегейлік пен тарихи мұраның тірегі саналады.

Ойоны жерлеу алдындағы шіркеу рәсімінде жиналғандар оның БҰҰ-ның ізгі ниет елшісі болғанын, АИТВ мен ЖИТС-ке қарсы күресті қолдағанын, сабырлы әрі көңілді жас ретінде із қалдырғанын еске алды.

– Ол король атанып, көпшілік ешқашан мойнына алмаған жауапкершілікті арқаласа да, көңіл көтергенді жақсы көретін сол балалық мінезін жоғалтқан жоқ, – деді оның әпкесі Рут Комонтейл.

Король гвардиясы қызғылт сары шәлі тағып, Ойоның табыты қойылған көлікті корольдіктің астанасы Форт-Портал көшелерімен корольдік қабірлерге дейін алып барды. Жерлеу рәсіміне мыңдаған адам қатысты.

Ойоның жерленуі оның таққа отырғанына тура 31 жыл толған күні өтті. Рәсім корольдік отбасы арасындағы мұрагерлікке қатысты бірнеше күнге созылған даудан кейін ұйымдастырылды.

Сәрсенбіде король әулеті мүшелерінен құралған комитет Ойоның немере ағасы, UBC мемлекеттік телерадиокомпаниясының жаңалықтар жүргізушісі әрі редакторы Киджанангоманы жаңа король етіп таңдағанын жариялады.

Алайда марқұм корольдің жақын туыстары тақ мұрагері оның өсиетінде көрсетілген, бұрын көпшілікке белгісіз болған ұлы болуы керек деп мәлімдеді. Ойо ешқашан үйленбеген. Оның қайтыс болғаны туралы корольдік премьер-министр мәлімдеме жасағанға дейін оның балалары барын ешкім білмеген.

Киджанангоманың жақтастары Ойоның отбасы болжамды ұлы туралы тіпті негізгі ақпаратты да ұсына алмағанын алға тартты.

Бұл мәселе бойынша келіссөздерден хабары бар дереккөздің мәліметінше, жұма күні Уганда билігі Киджанангомаға тақтың берілуін қамтамасыз еткен.

Айта кетейік, бұған дейін Угандада Торо королі IV Ойо Рукидидің 34 жасында қайтыс болғанын жазып едік.