ҮИИД бағдарламасын жүзеге асыру үшін кадрларды даярлауға 10 млрд. теңге бөлінді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жақын арада Қазақстанда ҮИИД МБ мамандарын даярлайтын 10 ЖОО-ның бағдарламалары Үкіметтің қарауына ұсынылады.
None
None

Бұл туралы ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте ҚР Бiлiм және ғылым вице-министрi Такир Балықбаев мәлiм еттi.

«Елбасының Қазақстан халқына «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында ҮИИД МБ үшін кадрларды даярлау мақсаты қойылды. Бүгінде алдағы 3 жылға 10 жоғары оқу орнына 10 млрд. теңге қаржы бөлінді»,-деді Т. Балықбаев.

«10 жоғары оқу орнына тоқталатын болсақ, біз Жолдау жарияланғаннан кейін қазір әртүрлі бағыттағы 12 жоғары оқу орнын таңдап алдық және олар арнайы дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр»,-деді министрдің орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, бұл ЖОО-лардың арасында Назарбаев Университеті, ҚазҰУ, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Қазақ ұлттық техникалық университеті, Еуразия ұлттық университеті, Қазақ агро-техникалық университеті, Қостанай мемлекеттік университеті, Павлодар мемлекеттік университеті, ШҚО техникалық университеті, ОҚО техникалық университеті, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, сондай-ақ Атырау мұнай және газ институты қамтылған.

«Бұл жоғары оқу орындарының барлығы қазіргі кезде даму бағдарламаларын даярлауда және өздерінің ұсыныстарын әзірлеуде. Содан кейін алдағы аптада олардың бағдарламаларын тыңдап, соның арасынан 10-нын іріктеп, Үкіметке ұсынамыз. Осы 10 ЖОО бекітіліп, бұл бағытта жұмыс істейтін болады. Таңдалып алынған жоғары оқу орындары индустрияның барлық бағыттарын қамтып отыр»,-деді Т. Балықбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда ҮИИД МБ мамандарын 10 ЖОО дайындайтын болады. Алдағы 5 жыл көлемінде еліміздегі жоғары оқу орындары Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына өзіндік үлесін қоспақшы. Т. Балықбаевтың айтуынша, осы мақсатта қажетті қаржы бөлініп, жаңа білім беру бағдарламалары жасалып, сондай-ақ материалдық база күшейтіліп, профессорлық-оқытушылық құрам кеңейтілетін болады.

Соңғы жаңалықтар