Уильям ханзада BBC эфирінде Қазақстанның киік популяциясын қалай қалпына келтіргенін айтты
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбритания ханзадасы Уильям Қазақстанның киік популяциясын қалпына келтірудегі жетістігін жоғары бағалады. Ол бұл туралы 23 қазанда BBC арнасында көрсетілген Грэм Нортонның The Graham Norton Show бағдарламасында айтқан.
Ханзада бір кездері жойылып кету қаупі төнген киіктер санының қазір айтарлықтай көбейгенін атап өтті.
Бағдарламада Қазақстандағы киіктер туралы әңгіме қозғалғанда, Уильям ханзада бір кездері жойылып кету қаупі аса жоғары болған жануарлардың саны қазір күрт көбейгенін атап өтті. Оның сөзінше, бұған Қазақстан үкіметінің киікті қорғауға ерекше мән беруі ықпал еткен.
- Бұл киіктер бір кездері жойылып кету қаупі аса жоғары жануарлардың қатарына кірген. Ал қазір олардың саны қайтадан күрт көбейді. Бұған Қазақстан үкіметінің осы жануардың ел үшін де, табиғатты қорғау ісі үшін де қаншалықты маңызды екенін түсініп, оны сақтауға бар күшін салуы себеп болды, - деді ол.
Айта кету керек, Қазақстандағы киік санының соңғы ресми көрсеткіші 2026 жылғы көктемгі санақта жарияланды. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Kazinform агенттігіне берген жауабына сәйкес, елдегі киік саны 4 миллион 689 мың басқа жеткен.
Қазақстанда керқұлан мен Балқаш барысының популяциясын қалпына келтіру жұмыстары да басталды. Биыл 31 шілдеде Үміт есімді ұрғашы жолбарыс Балқаштың аумағындағы табиғи ортаға жіберілді. Бұл – Қазақстанда 70 жылдан астам уақыттан кейін жолбарысты тарихи мекеніне қайтару бағдарламасының алғашқы практикалық қадамы.
Жануарға спутниктік қарғыбау тағылып, оның қозғалысы мен жаңа ортаға бейімделуі тәулік бойы бақыланып отыр.