Уимблдон: Александр Бублик жарыс жолынан шығып қалды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 31-ракеткасы Александр Бублик Уимблдон турнирінің екінші айналымына өте алмады.

Александр Бублик
Фото: Kazinform

Жарыстың 28-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы ойынын әлемдік рейтингіде 55-орында тұрған испаниялық Хауме Муньярмен өткізді.

Бұл қос спортшының өзара алғашқы кездесуі еді.

Бірінші партияда Муньяр 3:1 есебімен алға шығып, сол қарқынынан танған жоқ – 6:4.

Екіншісінде есеп 3:2 болған мезетте Бублик брейк жасай білді – 6:3.

Үшінші сетте испаниялық теннисші 3:1 есебімен алға кеткенімен, Бублик алысқа ұзатпады – 3:3. Содан кейін тағы бір брейк жасап, өз геймін де алды – 6:4.

Төртінші партияда есеп 1:1 болғанда, қазақстандық спортшы брейкке қол жеткізді. Алайда есеп 5:4 болып, матчқа доп бергенде, сол мүмкіндігін мүлт жіберді. Тай-брейкте Муньярдың асығы алшысынан түсті – 7:6 (7:5).

Шешуші, бесінші сетте Муньяр жеңісті жұлып алды – 6:2.

Үш сағат 25 минутқа созылған бәсекеде Бублик 21 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың тек бесеуін жүзеге асырды. Муньяр 8 эйс, 6 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.

Х.Муньяр үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 58-ракеткасы, мажарстандық Фабиан Марожанмен таласады. Ол алғашқы айналымда рейтингіде 181-сатыдағы аустралиялық Джеймс Маккейбті жолдан тайдырды – 6:1, 6:4, 6:3.

Өткен жылы А.Бублик Уимблдонда үшінші айналымға дейін жеткен еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Лондонда Уимблдон турнирі басталатынын жазған едік.

Аталмыш дода қазақстандықтар үшін сәтсіз басталды. Кеше рейтингіде 33-орындағы Юлия Путинцева әлемнің 12-ракеткасы, америкалық Аманда Анисимовадан ойсырай ұтылды – 0:6, 0:6.

 

Соңғы жаңалықтар