Уимблдон: Рыбакинаға қарсылық танытатын спортшы кім
АСТАНА. KAZINFORM – Уимблдон турнирінде шешуші кездесулер басталды. Отандасымыз Елена Рыбакинаның негізгі қарсыластары саналатын Арина Соболенко, Ига Швентек чемпиондыққа үміткерлер қатарында жоқ. Спорт сарапшылары, букмекерлік кеңселер турнирдің жеңімпазы ретінде Рыбакинаны меңзеп отыр.

Айта кетейік, Рыбакинаның кездесулері көбіне жабық кортта өтіп жатыр. Сәйкесінше, көптеген кездесулер сияқты жауынның салдарынан тоқтатылып жатқан жоқ.
«Жабық кортта ойнағанның тиімділігі көп. Жел жоқ. Яғни, допты ойынға сәтті қосуға кедергі аз. Соңғы кездесулеріме жақсы баға беремін. Кортқа шыққан сайын ләззат аламын. Мұндағы кез келген қарсылас қиын. Турнирдің соңғы кезеңдеріне жолдама алғаныма қуаныштымын. Соңына дейін жете аламын деп үміттенемін», - деді Рыбакина корттағы сұхбатында.
Бүгінде Рыбакинамен қатар чемпиондыққа үміткерлердің қатарында Эмма Наварро, Жасмине Паолини, Елена Остапенко, Барбора Крейчикова, Донна Векич, Элина Ситолина, Лулу Сун сияқты теннисшілер бар.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін Елена Рыбакинаның ширек финалға жолдама алғанын жазған едік.