Уимблдон: Юлия Путинцева ширек финалға өте алмады

ЛОНДОН. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 35-ракеткасы Юлия Путинцева Уимблдон турнирінің ширек финалынан тыс қалды.

Юлия Путинцева выиграла свой первый матч на травяном турнире в Бирмингеме
Фото: Sports.kz

Қазақстандық теннисші төртінші айналымда әлемнің 14-ракеткасы, 2017 жылғы Ролан Гаррос турнирінің чемпионы, латвиялық Елена Остапенкоға тап келді.

Қарсыластар осыған дейін төрт рет кездесіп, екі-екіден жеңіске жеткен еді.

Бірінші партияда латвиялық теннисші 5:0 есебімен алға кетті. Путинцева есепті сәл қысқартқанымен, одан әріге шамасы жетпеді – 2:6. Остапенко екінші сетте қарқынын бәсеңдетпеді – 6:3.

Бір сағат 8 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық теннисші 4 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Остапенко 3 эйс, 5 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.

Осылайша, үшінші айналымда әлемнің 1-ракеткасы, поляк қызы Ига Швентекті ұтқан Ю.Путинцева жеңісті жолын жалғастыра алмады. Дегенмен оның спорттық жолында алғаш рет Уимблдонның төртінші айналымына дейін жетуін табыс деп бағалауға болады.

Жасөспірім теннисшілерді қоспағанда, Уимблдонда Қазақстаннан Елена Рыбакина ғана қалды. Ол ширек финалда украиналық Элина Свитолинамен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдонда Елена Рыбакинаның ширек финалға жолдама алғанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар