Уимблдон: Юлия Путинцева жұптық сында есе жіберді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева жұптық сында Уимблдон турнирінің екінші айналымына шыға алмады.

Юлия Путинцева
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші америкалық Питон Стирнспен бірге алғашқы айналымда чехиялық Барбора Крейчикова – Қытайлық Тайбэй өкілі Чань Хаочинмен кездесті.

Крейчикованың өткен жылы Уимблдонда жекелей сында чемпион атанғаны белгілі. Сонымен қатар ол жұптық сында «Үлкен дулыға» додаларында жеті рет үздік шығып, Токио Олимпиадасының жеңімпазы атанған. 

Юлия жекелей сында биыл сәтсіз өнер көрсетіп, алғашқы айналымнан аса алмаған болатын.

Тартысты өрбіген бірінші сетте тай-брейкте Крейчикова – Хаочин сәтті ойнады – 7:6 (7:5). Екінші партияда олар 6:2 есебімен басым түсті.

Матч сағат жарымға жуық уақытқа созылды. Осылайша, Юлия Путинцева жұптық сында да жарыс жолынан шығып қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдонда Александр Бубликтің жарыс жолынан шығып қалғанын жазған едік.

Елена Рыбакина алғашқы қарсыласын ойсырата жеңді. 

Уимблдонда алғашқы айналымда ТОП-10-ға кіретін 8 теннисші жеңіліп қалды.

Соңғы жаңалықтар