Уиткофф Берлинде еуропалық көшбасшылар және Зеленскиймен кездеседі
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф осы демалыс күндері Берлинде еуропалық көшбасшылар және Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездеседі. Бұл туралы Report агенттігі жазды.
Стивен Уиткофф 14-15 желтоқсанда Ұлыбритания, Германия және Франциядан келген келіссөз жүргізушілермен кездеседі. Берлинге Уиткоффты жіберу туралы шешім американдық әкімшіліктің Вашингтон мен Киев арасындағы бейбіт келісім шарттарына қатысты келіспеушіліктерді жеңуге деген ұмтылысын көрсетеді.
Берлиндегі келіссөздерге Франция президенті Эммануэль Макрон, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер және Германия канцлері Фридрих Мерц, сондай-ақ олардың кеңесшілері қатысады деп жоспарланған. Бастапқыда еуропалық көшбасшылар АҚШ-тың бейбітшілік жоспарына қатысты ұсыныстарын талқылау үшін осы демалыс күндері Трамппен кездесу ұйымдастырғысы келді.
Трамп бұған дейін АҚШ өзінің өкілін Еуропадағы кездесуге Вашингтон бұл келіссөздердің нәтижелі болатынын түсінген жағдайда ғана жібереді деп айтқан болатын.
Айта кетейік, Мәскеуде Путин мен Уиткоффтың кездесуі бес сағатқа созылған болатын.