Уиткофф: ХАМАС-тың АҚШ ұсынысына жауабы мүлде қабылдауға болмайды
АСТАНА. KAZINFORM – Палестиналық радикалды ХАМАС қозғалысының Газадағы атысты тоқтату туралы АҚШ ұсынған бастамаға берген жауабы қабылдауға келмейді және келіссөз үдерісін кейінге шегереді. Бұл туралы АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.

— Мен ХАМАС-тың АҚШ ұсынған бастамаға берген жауабын алдым. Бұл жауап мүлде қабылдауға болмайды және бізді тек кейінге шегертеді, — деп жазды АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф X әлеуметтік желісінде.
Уиткоффтың айтуынша, ХАМАС «Вашингтон ұсынған негіздемелік ұсынысты» жанама келіссөздерге негіз ретінде қабылдауы тиіс, бұл келіссөздер келесі аптада басталуы мүмкін.
— Тек осы жолмен ғана біз алдағы күндері 60 күндік атысты тоқтату туралы келісімге келе аламыз. Бұл келісім аясында тірі қалған тұтқындардың жартысы мен қаза тапқандардың денелері үйлеріне, отбасыларына қайтарылады. Сонымен қатар, біз жанама келіссөздер барысында ізгі ниет рухында тұрақты бітімге қол жеткізу үшін нақты мәселелерді талқылай аламыз, — деді ол.
Бұған дейін палестиналық ХАМАС қозғалысы АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткоффтың Газадағы атысты тоқтату жөніндегі ұсынысына өз жауабын ара ағайындар арқылы жолдаған еді.
ХАМАС-тың мәлімдемесінде болашақ келісім аясында қозғалыс «тірі қалған 10 израильдік тұтқынды босатуға және 18 қаза тапқан тұтқынның денесін қайтаруға дайын» екені айтылған. Бұл үшін Израиль келісілген сандағы палестиналық тұтқындарды түрмеден босатуы тиіс.
Сондай-ақ, ХАМАС өз жауабында қозғалыстың бірқатар талаптарын атап өткен. Атап айтқанда, Газа секторында атысты толық әрі тұрақты тоқтату, анклавтан израильдік әскерлерді шығару және гуманитарлық көмектің жеткізілуін қамтамасыз ету. Алайда тұтқындарды нақты қандай мерзімде босататыны жайлы ақпарат берілмеген.
29 мамырда Ynet порталы Уиткоффтың жаңа ұсынысы туралы хабарлады. Оған сәйкес, анклавта 60 күнге бірден атысты тоқтату көзделген. Сондай-ақ, алғашқы апта ішінде тірі қалған 10 тұтқын екі кезеңмен босатылуы тиіс.
Осы аптада ХАМАС 18 қаза тапқан тұтқынның денесін де Израильге қайтаруы керек. Бұған жауап ретінде Израиль бұған дейін бекітілген тізімге сәйкес палестиналық тұтқындарды босатпақ.
Құжатта БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдар арқылы Газаға гуманитарлық көмекті жеткізуді қайта бастау да қарастырылған. Сол күні-ақ Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт брифингте Израиль бұл жоспарды ХАМАС-қа жолданар алдында мақұлдағанын хабарлады.
Бұған дейін Al Arabiya ХАМАС пен Израиль Газада атысты 60 күнге тоқтату жөнінде келісімге келгенін хабарлаған болатын.