Уиткофф Рубиомен бірге жұма күні Стамбулға баратынын растады
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффтың айтуынша, жұма күні өтетін келіссөздерге АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да келеді. Бұл туралы бұған дейін Дональд Трамптың өзі де мәлімдеген болатын, деп хабарлайды BBC агенттігі.

Қазіргі уақытта Стив Уиткофф Катар астанасы Дохада жүр.
Уиткоффтың сөзінше, Украина мен Ресей мәселесіне қатысты арнайы өкіл Кит Келлогтың Түркияға баратын-бармайтыны белгісіз. Келлог осы уақытқа дейін ресейлік өкілдермен ешбір рет ресми түрде кездескен емес. Алайда соңғы уақытта көптеген бұқаралық ақпарат құралдары оның Уиткоффпен бірге Стамбулға келетінін жазған еді.
Сәрсенбі күні түсте Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Интерфакс» агенттігіне Уиткофф және Келлогпен қандай да бір байланыс «әзірге жоспарланбағанын» айтты.
Бұған дейін Дмитрий Песков Ресей делегациясы украиналық өкілдерді 15 мамырда Стамбулда күтетінін мәлімдеген болатын.
Еске сала кетейік, Стамбул Ресей мен Украина арасындағы шешуші келіссөздерге АҚШ-тың қатысуымен дайындалып жатыр.