Үкімет 2010 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджеттің жобасын бекітті
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Премьер-Министр аталмыш заң жобасын «Нұр Отан» партиясының қарауына шығарып, содан кейін Парламентке енгізуді тапсырды. Заң жобасын таныстырған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, нақтыланған бюджет бойынша жалпы сомасы 295,5 млрд. теңге болатын қосымша түсімдер мен босайтын қаражатты Мемлекет басшысының «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауының қағидаттарын іске асыру шараларына бағыттау көзделіп отырғанын айтты. Оның айтуынша, аталмыш қаржы мынадай жеті басым бағыттарды қаржыландыруға бөлінеді.
Атап айтқанда, бірінші басым бағыт - бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын және студенттердің стипендияларын 25 пайызға арттыру мерзімі ағымдағы жылғы шілденің 1-інен сәуірдің 1-іне ауыстыруға байланысты 53,8 млрд. теңге бөлу көзделген.
Оның ішінде 24,8 млрд. теңге жергілікті бюджеттерге беріледі. Б. Сұлтановтың айтуынша, екінші басым бағыт - жеделдете индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясындағы шараларды қаржыландыруға 143,8 млрд. теңге көзделген. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын іске асыруға 30 млрд. теңге, Индустрия және сауда министрлігінің инвестицияны, экспортты және өнімділікті арттыру бағдарламасын іске асыру арқылы шикізаттық емес секторды дамыту іс-шараларына 5 млрд. теңге, «Самұрық Қазына» қорының жарғылық капиталын ұлғайту және несие беру арқылы серпінді инфрақұрылымды жобаларды іске асыруға 62,8 млрд. теңге, агроөнеркәсіп кешенін дамыту іс-шараларына 28 млрд. теңге, ғарыш саласының жобаларына 7 млрд. теңге, «Қорғас» халықаралық ынтымақтастық орталығының инфрақұрылымын дамытуға 6 млрд. теңге, сондай-ақ Астана қаласындағы жаңа университеттің екінші кезегін салуға 5 млрд. теңге бөлінетін болады.
Б. Сұлтановтың айтуынша, үшінші басым бағыт - ішкі саяси тұрақтылықты қолдауға және халықаралық қатынастарды дамытуға бағытталған іс-шараларға 16 млрд. теңге, төртінші басым бағыт - 2011 жылғы қысқы Азия ойындарын өткізуді дайындауға және Астана мен Алматы қалаларының нысандарын дамытуға 44,4 млрд. теңге, бесінші басым бағыт - Кеден одағына кіруге байланысты іс-шараларды іске асыруға қосымша 11,4 млрд. теңге, алтыншы басым бағыт -халықаралық донорлармен жүргізілген келіссөздерді ескеріп, сырттан заем тарту арқылы сумен жабдықтау жүйелерін және автомобиль жолдарын дамыту жобаларын іске асыруға 13,2 млрд. теңге, жетінші басым бағыт - бірқатар кезек күттірмейтін міндеттерді шешуге 12,9 млрд. теңге қосымша қаражат бөлу көзделген.
«Жалпы алғанда республикалық бюджеттің нақтыланған көсеткіштері мынадай: түсімдер - 3 трлн. 374,4 млрд. теңгені құрайды, ол қолданыстағы бюджетке қарағанда 189,4 млрд. теңгеге өскен. Шығыстар - 4 трлн. 182,0 млрд. теңгені құрайды, бұл түзетілген бюджетке қарағанда 140,1 млрд. теңгеге ұлғайған. Тапшылығы - 803,6 млрд. теңгені құрайды, бұл түзетілген көрсеткіштен 50,7 мың теңгеге ұлғайған», деді Б. Сұлтанов.