Үкімет 2016 жылы Дүниежүзілік Банк пен ЕҚДБ-нен 400 млн. доллар тартады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет 2016 жылы Дүниежүзілік Банк пен Еуропа қайта құру және даму банкінен 400 млн. доллардың кредиттік желісін тартады. Бүгін Үкімет отырысында «Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асуы бойынша баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев осылай мәлім етті.
None
None

«Ағымдағы жылы Халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлескен 13 жоба жүзеге асырылуда, соған орай 2015 жылы қоса қаржыландыруға 8 млрд. теңге бөлінген болатын. Бұл ретте Ұлттық қорды басқару кеңесінің шешімімен бұған дейін бөлінген 39,2 млрд теңге қайта қаралып, 31,2 млрд теңге болып бөлінді. Сонымен қатар, Дүниежүзілік банкпен ағымдағы жылы қарыз туралы 3 келісімге қол қойылды. Соған байланысты шағын және орта кәсіпкерліктің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жобасын Парламент ратификациялады, тағы екі жоба Мәжілістің қарауында жатыр», - деді Ерболат Досаев.

Оның айтуынша, 2016 жылы Үкімет Дүниежүзілік банкпен әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу және білім беру жүйесін жаңғырту бойынша 2 келісімшартқа қол қоймақ. Бұдан бөлек, 200 млн. доллар шамасында шағын және орта бизнес үшін несиелік желіні тарту қарастырылады.

«Сонымен қатар, 2015 жылы Қызылорда облысында Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлескен жылу және сумен қамтудың 2 жобасы жүзеге асуда. Осыған ұқсас 15 жобаның құрылысы үшін құжаттар әзірлеу басталып кетті. Оларды қаржыландыру 2016 жылы күтіледі. Жалпы ЕҚДБ кредиттік желілері бойынша 2016 жылы 200 млн. доллар қаражат тартылады», - деді министр Е. Досаев.

Соңғы жаңалықтар