Үкімет әлеуметтік-экономикалық дамудың нақтыланған болжамын мақұлдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет мүшелері әлеуметтік-экономикалық дамудың нақтыланған болжамын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирус пандемиясы салдарынан жаһандық экономикадағы жағдай күрделі күйде қалып отыр. Оның әсері еңбек өнімділігі мен өндірісіне де әсері ұзақ уақытқа созылады. Осы кезеңде біздің басым міндеттеріміз – алда да адамдар үшін дағдарыстың салдарын азайту және келешекте экономикалық залалдарды қысқарту. Осы мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмаларын, бұрын қабылданған бірқатар міндеттерді орындау үшін 2020 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджеттен коронавируспен күреске қосымша қаражат бөлу және экономиканың нақты секторын қолдау, сондай-ақ әлеуметтік мәселелерді шешу үшін басым шығындар көзделген», - деді Премьер-министр Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, бюджеттің бұл параметрлері Мемлекет басшысымен келісілген.

Осылай дей келе Премьер-министр Үкімет мүшелеріне ұсынылған әлеуметтік-экономикалық дамудың нақтыланған болжамын мақұлдауды және 2020 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджетке дауыс беруді ұсынды.

Үкімет мүшелері қолдап дауыс берді.

«Ұлттық экономика және қаржы министрліктері Премьер-министрдің кеңсесімен бірлесіп, заң жобасын және әлеуметтік-экономикалық дамудың болжамын бүгінгі күннің соңына дейін Парламентке енгізсін», - деп тапсырды Асқар Мамин.



Соңғы жаңалықтар