Үкімет азық-түлік бағаларының өсуіне жол бермеу бойынша отырыс өткізбек

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.
«Қазақстан Үкіметінің басым бағыттарының бірі - бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларының өсуіне жол бермеу, нарықтағы азық-түліктің сапасы мен инфляцияны барынша бақылап, тиісті әрі уақытылы іс-шаралар қабылдау. Осыған орай 14 желтоқсанда Үкіметте азық-түлік бағаларын құру мәселесі бойынша селекторлық отырыс өтетінін хабарлаймын»,-деді ресми өкіл.
Таратылған статистикалық мәліметтерге қарағанда, баға азық-түлік тауарларына өткен айда 0,7%, азық-түлік емес тауарларға - 0,4%, ақылы қызметтерге - 1,1%-ға өсті.
Өткен айда бағаның жоғарылауы жұмыртқаға 4,7%, күнбағыс майына - 1,8%, макарон өнімдеріне - 1,7%-ға, сүт өнімдеріне, тұздалмаған сары майға - 1%-дан, ұнға - 0,9%, жемістер және көкөністерге - 0,8%, етке және құс етіне - 0,6%-ға, балық және теңіз өнімдеріне, шайға - 0,4%-дан белгіленді. Бағаның төмендеуі қантқа 1,2%-ға тіркелді.
Баға темекі өнімдеріне 1,9%, қатты отынға - 1,4%, газеттер және мерзімдік басылымдарға - 0,8%, киім және аяқ киімге - 0,6%, тұрмыстық аспаптарға - 0,5%,тұрмыстық тоқыма бұйымдарға - 0,4%, жуғыш және тазалағыш құралдарға - 0,3%, жеке күтімге арналған тауарларға - 0,2%-ға өсті.
Баға деңгейі денсаулық сақтау саласында - 1,2%-ға, шаштараздар және жеке қызмет көрсету орындарында - 0,7%, демалыс, ойын-сауық және мәдениет орындарында - 0,6%, көлікте - 0,3%, мейрамханалар мен қонақ үйлер қызметтерінде - 0,2%-ға өсті. Бағаның өсімі пошта қызметтеріне 37,3%-ды құрады.
Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер ыстық суға 3,7%, орталық жылытуға - 2,9%, қоқыс жинауға - 2,6%, тұрғын үйді күтіп ұстауға - 0,5%, суық суға - 0,2%-ға жоғарылады.