Үкімет басшысы әкімшілік реформалаудың 2011 жылға арналған жоспарын әзірлеуді тапсырды
«Дағдарыс кезінде экономиканы қолма-қол басқару тиімді болды. Атап айтқанда бұл әдіс сол кезде тұрған мақсаттарды шешуге қауқарлы болды. Алайда дағдарыстан кейінгі кезеңде әкімшілік реформаны жалғастыру қажетті іс-қимылдар болып табылады»,-деді К. Мәсімов.
Елбасы әкімшілік реформаның айқын бағыттарын анықтап бергенін еске салып өткен Үкімет басшысы, атап айтқанда онда мемлекеттік жоспарлауды жетілдіру, нәтижеге негізделген бюджеттеу жұмыстары, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, мемлекеттік қызметтің реформасы, экономиканың мемлекеттік секторын тиімді басқару, сондай-ақ мемлекеттік органдардың және экономиканың мемлекеттік секторының қызметі нәтижесінің мониторингі қамтылғанын айтты. Осы орайда К. Мәсімов бұл мәселелерге жинақталған тәжірибені ескере отырып қайта оралу керектігін қадап айтты. Бұл тұрғыда Премьер-Министр Экономикалық даму және сауда министрлігіне екі апта мерзімінде әкімшілік реформаның әр бағыты бойынша жұмыстарды жалғастыруға байланысты 2011 жылға негізделген айқын әрі нақты жоспарды ұсынуды тапсырды.