13:51, 22 Қаңтар 2009 | GMT +5
Үкімет басшысы әлеуметтік жобаларды іске асыру жұмысын үйлестіруді тапсырды
АСТАНА. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Астанада «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының ұйымдастыруымен өткен еліміздегі макроаймақтардың мамандырылуы мәселелеріне арналған кеңесте ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар,

«ҚазАгро» холдингі және бизнес қауымдастықтардың жұмысын үйлестіруді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бүгін ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырылатын әлеуметтік жобалар төңірегінде келелі сұхбат болды деп ойлаймын. Ендігі жерде, айтылған ұсыныстарды кейінге қалдырмай, іске асыру қажет. Сондықтан осы бағыттағы дұрыс шешімдерді шұғыл әрі нәтижелі түрде қабылдау мақсатында мен әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар, «ҚазАгро» холдингі және бизнес қауымдастықтардың жұмысын үйлестіруді орынбасарым Өмірзақ Шөкеевке тапсырамын», - деді К.Мәсімов.
Сондай-ақ бүгінгі дағдарыс жағдайына қарамастан отандық шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық берілетіндігіне тоқталған Үкімет басшысы: «Бұған қажетті ресурстар бар. Енді тек қабылданған шешімдердің нәтижелілігін ғана қамтамасыз ету қажет», - деп атап көрсетті.