Үкімет басшысы «Астана - Щучинск» автожолының құрылыс жұмыстарымен танысты

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Үкімет басшысына есеп берген ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайыновтың айтуынша, еліміздің жол инфроқұрылымын дамыту саласындағы «Астана - Щучинск» автобаны - негізгі жобалардың бірі. Жолдың ұзындығы - 224 шақырым. Оның 215 шақырымы - 6 жолақты болса, қалған 9 шақырымы 4 жолаққа есептелген. Жобаның жалпы құны - 114,4 млрд. теңге. Бүгінгі таңда 50 шақырымды құрайтын жолдың бірінші учаскесі толығымен тапсырылып отыр. «Жалпы, еліміздің автожол саласын дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасы аясында республика бойынша 30 677 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Осы жұмыстарға 2482,2 млрд. теңге қарастырылып отыр», - дейді Ә.Құсайынов.
Осыдан кейін журналистерге сұхбат берген ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов еліміздің жол құрылысы саласында атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға беріп, Қазақстандағы ірі жобалардың бірі - «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолы бойынша дайындық жұмыстардың басталып кеткендігін ерекше атап өтті. «Бұл жерде атап өтетін бір жәйт, бұл тек бір жолдың құрылысы емес. Онымен бірге еліміздегі басқа да инфроқұрылым нысандары дамып, сәйкесінше, халық жұмыспен қамтылуда»,- деді К.Мәсімов.