Үкімет басшысы еліміздің банк жүйесінің тұрақтанғанын айтып, салымшыларды жинақтары үшін алаңдамауға шақырды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткен жылы банк жүйесі төңірегінде дүрбелең тыншымады. Банк жүйесінің күйрейтіні жайлы көп әңгімелер айтылды. Мен еліміздің банк жүйесінің тұрақтанғанын айтқым келеді. Тығырыққа тірелген банктер, соның ішінде БТА банкі бойынша өткен жұма күні барлық келісімдерге қол жеткізілді. Біз кредиторлармен келіссөздер үстеліне отырғанымызда, олар жағдайды түсініп, келісімге келді. Сөйтіп банктердің бас-аяғы 10 млрд. доллар қарыздары жойылды. Банк жүйесі тұрақты, еліміздегі банктердегі жинақтарыңыз үшін алаңдамауларыңызға болады», деді Үкімет басшысы съезге қатысуға келген әртүрлі сала кәсіподақтары өкілдеріне қаратып айтқан сөзінде.
Осы орайда Премьер-Министр 2010 жыл еліміз үшін жақсы басталғанын атап көрсетті. «Биыл алғашқы 4 айда экономикада 7,6 пайыздық өсімге қол жеткіздік. Іс жүзінде дағдарысқа дейінгі кезеңдегі өсімге көтеріліп келеміз. Бұл дұрыс шараларды қабылдаудың арқасында мүмкін болды», деді ол.