17:53, 04 Ақпан 2009 | GMT +5
Үкімет басшысы мен Астана әкімі елордадағы дүкендер мен ақша айырбастау орындарын көреді
АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Үкімет басшысы Астана қаласы әкімімен бірге елордадағы дүкендер мен ақша айырбастау орындарын аралап көреді.

Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен селекторлық кеңесте мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ-пен жұмыс істей отырып, бүгінгі жағдайды халыққа түсіндіруі, тұрақтылықты жұртшылыққа жеткізуі тиіс. Біздің банктік жүйеміз жаман емес. Күмәнді делінетін банктерге қолұшын бердік. Барлық дерлік банктерге қаржылық қолдау жасалды. Сондықтан да халық банктерге сеніммен қарауы тиіс», - деді К. Мәсімов.
Сондай-ақ Үкімет басшысы бүгін Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовпен бірге елордадағы дүкендер мен ақша айырбастау орындарын аралайтынын айтып, тура осындай тапсырманы өңірдегі әкімдіктерге де жүктеді.
«Барлық облыс әкімдіктеріне, Астана мен Алматы қаласының басқа да қалалардың әкімдіктеріне, дүкендер мен ақша айырбастау орындарын аралап көруді тапсырамын. Дәл бүгінгі жағдайда келеңсіз өзгерістер орын алмауы тиіс»,- деді ол.