Үкімет басшысы Н.Ілиясов атындағы ауылда тауар өндірушілермен кездесті - Қызылорда облысы

ҚЫЗЫЛОРДА. 15 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылорда облысында жұмыс сапарымен жүрген ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов түс ауа  Сыр­дария ауданындағы Нағи Ілия­сов атындағы ауылға келді.
None
None

Үкімет басшысы мұндағы танысу жұмыстарын сауда орталығынан бастады. Осы жерде қонақтардың ауыл шаруашылық техникаларының көрмесін тамашалау барысында «АзовАралАгромаш» БК» ЖШС директоры Асхат Сүлейменов Премьер-Министрді облыста өзі басқаратын компанияның құрастырып жатқан күріш, шөп жаткалары мен шөп тайлағыш құралдарға қатысты жобаның жүзеге асырылу барысымен таныстырып өтті.

Мұнан кейін қонақтарды «Абзал және К» толық серіктестігінің директоры Абзал Ералиев компанияның қызметі, мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде Нағи Ілиясов пен Бесарық ауылдарын көркейту бағытында жасап жатқан жұмыстарын айтып өтсе, Сырдария ауданының әкімі Ғизат Әбілтай жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару жұмыстарының ауданда даму барысымен таныстырып шықты. Ал облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов аймақта агроөнеркәсіптік кешеннің жай-күйі мен оны дамыту мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлап өтті.

Қонақтар стендтермен танысып болғаннан кейін облыстағы ауыл шаруашылығы саласының тауар өндірушілерімен және аудан әкімдерімен кездесті. Кездесу барысында тауар өндірушілер агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы айта келіп, 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес - 2020» бағдарламасының жобасына қатысты бірнеше өз ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласының тауар өндірушілері - «Рза» АҚ президенті Самұрат Имандосов, «Шаған-жер» ЖШС директоры Қадырыс Бердібек, Жаңақорған ауданының әкімі Сұлтанбек Тәуіпбаев бағдарлама жобасында негізгі капиталға салынған инвестицияларды 50 пайызға дейін субсидиялау жаңа механизмдерін енгізу қарастырылғандығын айта келіп, мал шаруашылығында жүзеге асырылған, атап айтқанда тауарлы сүт кешендері мен бордақылау алаңдарын құру бағытындағы жүзеге асырылған инвестициялық жобаларды да ескеру, алдағы уақытта шаруашылықтар сатып алған мелиоративтік техникалардың құнын 50 пайызға субсидиялау, күріш өндірудің ерекшеліктерін ескере отырып, көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын несиелендіру тетіктерін қарастыру, ирригация және дренажды жүйелерді қалпына келтіру шараларын «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында қарау сынды ұсыныстарын жеткізді.

Серік Ахметов бастаған қонақтар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен сұхбаттасып болғаннан кейін, ауылдық мәдениет үйінің жанында ауылды абаттандыру бағытында атқарылған жұмыстармен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесті.

Кездесу барысында олар Елбасына халықтың әл-ауқатын көтеру, жастарды қолдау бағытында қабылдаған шешімдері мен жүргізіп отырған саясатына қатысты алғыстарын білдірді.

Соңғы жаңалықтар