Үкімет басшысы Шахандағы қайғылы оқиғаның қайталанбауын талап етті

«Жылыту маусымының басталуына көп қалған жоқ, әсіресе, солтүстік өңірлерде бір айдан кейін салқындайды. Сондықтан аталған мәселелердің барлығын қатаң бақылауда ұстау керек», - деп тоқталды Үкімет басшысы.
Осы орайда ол өткен жылдағы жағдай қайталанбас үшін Теміртау қаласын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. «Шаханда орын алған ахуал биыл қайталанбайды деп үміттенеміз», - деді Сағынтаев.
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа, 30 дербес жылу жүйесінің жылу беру маусымына дейін тұрғын үйлерден 18-ін шығару жоспарланып отырғандығын айтты.
«Бүгінде олардың 8-і шығарылды, тағы 10-ы жылу беру маусымы басталғанша орнатылады, оның ішінде бюджеттік емес қаржы көздері есебінен Шахан кентіндегі барлық қазандықтар қамтылады», - деді Шкарупа.
Оның сөзіне қарағанда, жобалау-сметалық құжаттаманы даярлау қажеттігіне орай, 12 дербес жылу жүйесін шығару алдағы жылға жоспарланған.
«Бұлар негізінен қауіптілігі төмендеу қазандықтар пайдаланылатын тұрғын үйлерге қатысты болып отыр. Төтенше жағдайға жол бермес үшін бұл салада қазандықтар тексеруден өтті және тұрақты негізде жұмысшыларды оқыту шаралары атқарылуда», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Шаханда 1 қаңтарда жертөледе орналасқан жылыту қазандығының жарылуы салдарынан бес қабатты үйдің бір бөлігі қираған болатын. Үйіндінің астында қалған 9 адам, оның ішінде үш бала қаза тапты. Екі адам ауруханаға жеткізілді.