Үкімет басшысы жаңа технологиялары мен бастамалары бар жаңа инвесторларды Астанаға шақырды

АСТАНА. 24 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін VI Астана экономикалық форумы аясында өтіп жатқан «Астана Инвест-2013» ІV Халықаралық инвестициялық форумы барысында ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов жаңа технологиялары, жаңа бастамалары бар жаңа инвесторларды Астанаға шақырды.
None
None

Сөз арасында Үкімет басшысы 2017 жылы елордада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетінін айта келе, оның тақырыбы «Болашақ энергетикасын» қамтитынына тоқталды.

Оның айтуынша, халықаралық көрмеге әлемнің 100-ден астам елінен жетекші компаниялар атсалысып, миллиондаған азамат қатысатыны жоспарланады. «Сөзсіз, осынау халықаралық шара келешекте елімізге айтарлықтай инвестиция тартуға сеп болмақ, жаңа ауқымды жобалар да осында жүзеге асатын болады. Әсіресе экологиялық таза өндіріске баса назар аударылады», - деді Серік Ахметов.

Бұдан бөлек, Үкімет басшысы бүгінгі таңда елімізде индустриялық-инновациялық дамудың екінші кезеңін қалыптастыру бойынша жұмыстар қолға алынғанын атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, индустрияландыру бағдарламасының бірінші кезеңін жүзеге асыру елімізде жаңа кәсіпорындар мен өндірістің кең ауқымын құруға мүмкіндік берді. Бұнда да бизнеске айрықша мән беріледі.

«Осыған орай, біз барлық қызығушылық білдіретін инвесторларды өзара тиімді ынтымақтастыққа шақырамыз. Сондықтан да, Астана-Инвест форумына қош келдіңіздер дей отырып, жаңа технологиялармен, жаңа бастамалармен Астанаға жаңа инвесторларды шақырамыз», - деді С. Ахметов.

Сөз соңында Үкімет басшысы форум арқылы Астананы экономикалық дамыту мен жаңғыртуға бағытталған іскерлік байланыстар орнап, маңызды инвестициялық шешімдер қабылданатынына, тиімді жобалар, идеялар дүниеге келетініне сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар