17:39, 06 Мамыр 2009 | GMT +5
Үкімет басымды салалар үшін банктердің пайыздық ставкасын субсидиялау тәжірибесін зерттеп жатыр - Вице-премьер
АСТАНА. Мамырдың 6-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Ел Үкіметі басымды салалар үшін екінші деңгейлі банктердің пайыздық ставкасын субсидиялау тәжірибесін зерттеп жатыр және оны дағдарыстан кейінгі кезеңде Қазақстанда қолдануды жоспарлап отыр.

Бүгін Астанада өткен BNews.kz порталындағы интернет конференцияда бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Серік Ахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, бұл бағыттағы ұсыныстар Үкімет және мемлекеттік органдар тарапынан қолдау тауып жатса, онда экономиканың басымды салаларындағы кәсіпорындар 18-20 пайыздың орнына жылдық ставкасы 7-10 пайызбен несиелендірілетін болады. «Субсидия берілетін нақты салаларды анықтау үшін салмақты есеп-қисаптар қажет. Үкімет қазір осы мәселелерді қарастыруда. Менің ойымша, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін және машина жасау салаларына басымдық берілетін шығар», деді Вице-премьер.
«Табыстылықтың салалық деңгейін дотациялау мөлшерінің критерийі болуы мүмкін. Мұндай кәсіпорындардың дамуы өз кезегінде тұтастай экономика үшін мультипликативті әсер береді», деп қосты С. Ахметов. Оның сөзіне қарағанда, Ресейде автомобиль көлік машиналарын жасайтын, ауылшаруашылығы, тұрғын-үй құрылысы саласында жұмыс істейтін кәсіпорындар жеңілдетілген шарттармен несиелендіріліп жатыр. «Қазақстанда да өңдеуші кәсіпорындардың айналым қаражаттарын толтыруға арналған несиелер бойынша сыйақының ставкасын субсидиялау тәжірибесі бар», деді Вице-премьер.