Үкімет дағдарысқа қарсы шараларды тиянақты жүргізіп, экономика құлдырауына жол бермейді - Апталық шолу

Министр өз сөзінде Үкімет пен Ұлттық банктің 2016-2018 жылдарға арналған Дағдарысқа қарсы жоспары мақұлдағанын, оның екі бөлімнен тұратындығын атап өтті. Аталған жоспардың біріншісі - Елбасының қараша айындағы Жолдауы бойынша бес негізгі бағыт аясында жаңа құрылымдық экономиканы қалыптастыру. Екіншісі - экономика өсімін және оған кредит беруді ынталандыру бойынша шаралар. Елбасы міне осы бөлімге егжей-тегжейлі тоқталып қана қоймай, Үкімет тарапынан 2016 жылдың сәуіріне қарай базалық пайыздық мөлшерлемені икемді өзгерту тетігі енгізілетіндігін, наурыз айына дейін зейнетақы активтерін инвестициялау тетігі қайта қаралатындығын, осы айда жекешелендіру процесін көтермелеу және мониторингілеу үшін халықаралық консультанттарды тарта отырып, Үкімет жанынан Жобалық кеңсе құрылатындығын, қыркүйекке дейін банк секторынан жұмыс істемейтін кредиттерді есептен шығарылатындығын мәлім етті.
Енді Үкіметтің алдағы уақытта қолға алатын осы және өзге де нақты шараларына тоқталсақ. Бірден айта кетерлігі, Ұлттық банк пен Үкіметтің орта мерзімді перспективадағы негізгі мақсаты 2016-2017 жылдары инфляцияны 6-8 пайыз дәлізінде, 2018 жылы 5-7 пайыз, 2019 жылы 4-6 пайыз, ал 2020 жылға қарай 3-4 пайызға дейін төмендету болып отыр. Бұл ретте 2016 жылдың сәуірінде базалық пайыздық мөлшерлемені икемді өзгерту тетігі енгізілетін болады. Бұл баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге және инфляция деңгейін төмендетуге бағытталады. Ақша-кредит саясаты операциялардың тиімділігін арттыруға, оның ақша нарығының мөлшерлемелеріне ықпалын күшейтуге мүмкіндік береді. «Ағымдағы жылдың қарашасында валюта нарығындағы төрелік және алыпсатарлық мәмілелерді азайту үшін Ұлттық банк белгілеген диапазонда пайыздық мөлшермелер дәлізін қолдау жөніндегі бұрын мәлімдеген міндеттемелерінен бас тартқан болатын. Жұмыс істемейтін кредиттер тұрғысынан банк секторының барлық субъектілеріне жүргізілген күйзелістік тестілеудің нәтижелері бойынша 2016 жылдың қыркүйек айына дейін оларды мойындау және есептен шығару жөніндегі шаралар қамтылатын болады. Бұл қаржы секторын тұрақтандыру шарасы болып табылады», - деді Е. Досаев.
Оның сөзіне қарағанда, Үкімет жаңа 2016-2020 жылдарға арналған Жекешелендірудің кешенді шаралар жоспарын мақұлдап, оның аясында тізбелерді бекіткен. 2016 жылдың бірінші тоқсанында иеліктен шығаруға жатпайтын нысандардың тізбесі қысқартылып, барлық акционерлердің квазимемлекеттік сектордың иеліктен шығарылған активтерін сатып алуға басым құқықтарын алып тастауды көздейтін заң жобасы әзірленеді. «Сонымен қатар, келесі 2016 жылдың 1 қаңтарынан жекешелендіру процесін көтермелеу және мониторингілеу үшін халықаралық консультанттарды тарта отырып, Үкімет жанынан Жобалық кеңсе (Delivery unit) құрылады. Сонымен қатар, Бірыңғай ақпараттық саясат шеңберінде әрбір нақты кәсіпорынның мақсатын жіті сипаттай отырып, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл ауқат қоры», «ҚазАгро» және «Бәйтерек» холдингтерін қоса алғанда жекешелендіру бойынша кең ауқымды PR-компания жоспары әзірленетін болады», - деді министр.
Е.Досаевтың айтуынша, зейнетақы жинақтарының кірістілігін арттыру мақсатында келер жылдың наурыз айына дейін зейнеткерлік активтерін инвестициялау тетігі қайта қаралатын болады. Ал 2016 жылдың шілдесіне дейін зейнетақы қорларының активтерін қазақстандық немесе шетелдік жекеменшік компаниялардың басқаруына беру тетіктері әзірленеді. Бұдан бөлек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, Проблемалы кредиттер қоры және басқа да қаржы институттары Ұлттық банктің бақылауынан шығарылады.
Ұлттық экономика министрі депутаттарға дағдарысқа қарсы жедел шаралардың негізгі бағыттары туралы да айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, өндірістің және отандық кәсіпорындар өнімі экспортының төмендеуіне жол бермеу мақсатында МТЖ қызметері мен электр энергиясы тарифтеріне 2016 жылға уақытша төмендету коэффициенттерi берілетін болады. Отандық тауар өндірушілердің өнімін өткізуді қамтамасыз ету үшін жүйе құраушы және ірі кәсіпорындармен және ұлттық компаниялармен ұзақ мерзімді келісімшарттар мен меморандумдар (3 жылдан астам) жасалады, сондай-ақ «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы және ИИДМБ инфрақұрылым құрылысында отандық материалдарды пайдалану ынталандырылады. Екіншіден, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылатын инфрақұрылымдық жобалар құрылыс индустриясын дамытуға және тұтастай алғанда экономикадағы іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды қолдауға айтарлықтай мультипликативтік әсер етеді. Түйінді инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуын жеделдету үшін «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде қосымша қаражат тарту көзделеді. «Астана-Теміртау» және «Астана-Павлодар» автожолдарында жұмыстарды уақтылы аяқтау үшін (автожолдың бір бағытында екі жолақ бойынша қозғалыстың ашылуы және 2018 жылы «Астана-Павлодар-Семей» жобасының толық аяқталуы) 2016 жылы 75 млрд. теңге және 2017-2018 жылдары 225,1 млрд. теңге сомасына мемлекет кепілдігімен қарыз қосымша тартылатын болады. Бұдан басқа, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ автожол жобаларын іске асыруға Қытай Халық Республикасының Эксимбанкінен 2,6 млрд. АҚШ доллары сомасына қарыз тартылады. «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде көзделген Ұлттық қор қаражатын, Халықаралық қаржы ұйымдары, Қытай Эксимбанкі қарыздарын ескере отырып, қосымша қаражат тарту 2020 жылға дейін «Нұрлы Жол Оңтүстік», «Нұрлы Жол Шығыс», «Нұрлы Жол Батыс» түйінді бағыттары және республикалық маңызы бар автожолдар бойынша 8 мың км автожолды пайдалануға беруге мүмкіндік береді.
«Үшіншіден, ағымдағы жылғы желтоқсанда «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында айналым қаражатын толықтыру үшін кредит бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға өңірлерге 7,2 млрд. теңге сомасына, 2016 жылы инвестициялық кредиттерді субсидиялауға және кепілдендіруге 7 млрд. теңге қосымша қаражат бөлінетін болады. Бұл экономикаға 202 млрд. теңге сомасына кредиттерді тартуға, өнім өндіруді 418 млрд. теңгеден астам сомаға ұлғайтуға, кемінде 15 177 жұмыс орнын сақтауға және құруға, 50 млрд. теңге сомасында бюджетке салық түсімдерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді ол.
Төртіншіден, халықтың тұрғын үйге қолжетімділік деңгейін арттыру үшін 2016-2018 жылдары жалға берілетін алаңы 817 мың шаршы метр немесе шамамен 13 600 пәтер тұрғын үй салу және оны сатып алу қамтамасыз етіледі. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ клиенттерінің барлық салымдарына өтемақы беру үшін Үкімет резервінен 2016 жылы 20,9 млрд. теңге және 2017 жылы 16 млрд. теңге бөлінетін болады.
Тұрғын-үй құрылысындағы үлескерлік салымдарды кепілдендіру қорын құру мақсатында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ жарғылық капиталын 10 млрд. теңгеге ұлғайту көзделіп отыр.
Бесіншіден, агроөнеркәсіп кешені жобаларын іске асыру жеделдетіледі. Бұл ретте суландыру және гидромелиорация арқылы суармалы жерлерді қалпына келтіру жобаларын іске асыру үшін 2016-2018 жылдары 153 млрд. теңге сомасына ХҚҰ қарыздары мемлекеттік кепілдіктермен тартылады. «ҚазАгро» ауыл шаруашылығы өнімдерін, ең алдымен, ет пен сүт өндіру және өндеу жөніндегі басым инвестициялық жобаларын іске асыру мақсатында 2016-2018 жылдары 300,7 млрд. теңге сомасына мемлекеттік кепілдіктер беру көзделеді.
«Алтыншыдан, 2016 жылғы наурызда 10 млрд. теңге сомасында мемлекеттік кепілдікпен берілетін қарыздарды тарту есебінен «Шүлбі ГЭС-і Ақтоғай Талдықорған Алматы Жоғары кернеулі желі» 500 кВ электр тарату желісі құрылысының жобаларын іске асыру жалғасады. Сондай-ақ 2016-2018 жылдары «Интеграцияланған газ-химия кешені, 1-фазасы» жобасын іске асыру үшін 556,7 млрд. теңге сомасында мемлекеттік кепілдікпен берілетін қарыздар тартылады. 2017 жылы Жамбыл облысында «ЕвроХим-Удобрения» ЖШС-нің минералды тыңайтқыштар өндіру зауыты үшін инфрақұрылым салынатын болады, ол үшін республикалық бюджеттен 11,1 млрд. теңге бөлінеді. Сондай-ақ республикалық бюджеттің 1,5 млрд. теңге қаражаты есебінен ғарыш аппараттарының жинау-сынақ кешенінің құрылысы аяқталады», - деді Е.Досаев.
Ал соңғы 7-ші бағытта жұмыспен қамтуды қолдау мақсатында 2016 жылы өңірлік Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспарларын іске асыру жалғастырылады және кадрларға қажеттілікті айқындау арқылы жұмыскерлердің босатылуы мен жаңадан құрылатын жұмыс орындарының жиынтық картасы өзектендіріледі.
Бюджет 100 пайыз орындалды
Осы аптада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген еліміздің Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 2015 жылғы бюджеттің кіріс бөлігі артығымен орындалғанын, оған теңге бағамын еркіндікке жіберу сеп болғанын айтты. Сонымен қатар бүгінгі күнгі мұнай бағасының құбылмалы болуына байланысты үшжылдық бюджетті қайта қарау мүмкіншіліктерінің бар екендігін де ескертіп өтті. «Бізде үшжылдық бюджетті Парламентте жедел түрде қарау мүмкіндігі бар. Өткен жылы күзде 2015-2017 жылғы республикалық бюджетті енгізу кезінде мұнай бағасының құлдырауынан, біз Парламентте белсенді түрде қайта қарап шыққан болатынбыз. Ақпан айында да бюджетті түзеттік. Бюджетті қабылдау барысында біз Brent маркалы мұнай бағасын барреліне 40 доллар, теңгенің долларға шаққандағы бағамын 300 теңге деп болжаған болатынбыз. Қазіргі уақытта мұнай бағасы біз болжаған көрсеткіштен де төмен түсіп жатқандығын көріп отырмыз», - деді министр.
Дегенмен оның сөзіне қарағанда, еліміздің Министрлер кабинеті әлемдік экономикадағы теріс ықпалдың барлығынан да шығудың жолдары мен сценарийлерін әзірлеген. Яғни, мұнай бағасы 20 долларға, 30 долларға да түскен жағдайда қолға алынатын нақты шаралар бар. Айта кетерлігі, әлемдік экономикада қандай жағдай орын алса да Үкімет халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін толығымен орындайтын болады.
ҚР Қаржы министрі 2015 жылдың 3 желтоқсан айынан бері Қазақстанда «көлеңкедегі» 3,5 млрд. теңгеге тарта қаражат заңдастырылған да жария етті. Оның пайымынша, бұл айта қоярлықтай зор серпілі емес. Дегенмен, сең қозғалды. Шетелдегі шоттарда жатқан қаржы елге қайта бастады. Бірақ, бұл науқан жайында адамдар әлі құлақтанбаған, сондықтан, Үкімет заңдастыру туралы ақпараттарды кеңінен таратуды қолға алмақ. «Қазіргі уақытта бізге тек дұрыс түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Осы үдеріске адамдардың сенімін арттыру керек. Біз оған кешенді кірісетін боламыз. Жергілікті атқарушы органдармен, Ұлттық банктермен бірлесіп қолға аламыз. Түсіндіру жұмыстарына белсенді араластыру үшін, екінші деңгейлі банктермен де сөйлесіп жатырмыз. Ең басты мақсат - дұрыс әрі белсенді түсіндіру жүргізу», - деді Б.Сұлтанов.