Үкімет экономиканың қозғаушы күші саналатын бизнесті алмастыруға тырыспауы керек - К.Мәсімов

А. Шілденің 2-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Жаһандық экономика қайта өрлеп келеді. Соған қарамастан дағдарыс бүкіл әлем мемлекеттерінің экономикасында өшпес із қалдырды десе болады.
None
None

Себебі, жұмыссыздық көптеген елдерде әлі де болса жоғары деңгейде. Басқаша айтқанда, дағдарыстың әлеуметтік салдары әлі толық жойылған жоқ», деді бүгін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов елордада өтіп жатқан III Астана экономикалық форумында.

Премьер-Министрдің айтуынша, Еуропада жақында ғана болған оқиғалар біздің болашағымыздың әлі де болса бұлыңғыр екендігін көрсетіп отыр. «Бәлкім біз осыдан он екі ай бұрын болған жағдайдан жақсы өмір сүріп жатқан шығармыз. Алайда біз арқаны кеңге салуға ешқандай да негіз жоқ екендігін жақсы түсінеміз. Дағдарысқа қарсы тиісті шаралар қолданып отырған Қазақстан Үкіметі бұл бағытта бірқатар жетістіктерге қол жеткізді десек болады. Дағдарыс Қазақстанның да қаржы жүйесіне айтарлықтай әсер етті. Бізге сырттан қажетті қаржы көздерін табу керек болды. Елдегі экономикалық белсенділік төмендеп, өз кезегінде ол Қазақстан халқының әл-ауқатына айтарлықтай әсер етті деуге болады. Сондықтан Қазақстан Үкіметі бұл жағдайға дер кезінде жедел түрде шара қолданды. Біз негізгі күшті бірнеше мәселеге бұрдық. Біріншіден, біз банк секторын тұрақтандырып, әлеуметтік жағынан қолдауды қажет етіп отырған салаға назар аудардық. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы инфрақұрылымы мен құрылыс саласына инвестиция салып, экономикалық өсімнің негізі болып табылатын шағын және орта бизнеске көңіл бөлдік. Осы шаралардың барлығы Қазақстан экономикасының дұрыс бағыт алуына ықпал етті», деді К.Мәсімов.

Сондай-ақ ол сөзінде 2009 жылы еліміздің ішкі жалпы өнім көрсеткіші аз да болса көтеріліп, өсім 8 пайызды құрағандығын айтты. «Елде жұмыссыздық та біршама төмендеді. Бірақ әлемдік дағдарыс рыноктардың бір-ақ күнде құрдымға кетуі мүмкін екендігін және оның алдын алуда Үкіметтің үлкен рөл атқаратындығын көрсетті. Дегенмен Үкімет экономиканың қозғалыс күші саналатын және жаңа жұмыс орындарының ашылуына негіз бола алатын бизнесті алмастыруға тырыспауы керек. Қазақстан болашақ ұрпақтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін табиғат байлықтарын немесе шикізатты өндіруге үміт артып отыра бермей, тұрақты өсім беретін салаларға көңіл бөлу қажет. Сонда ғана Қазақстан өнеркәсібі дамыған елдердің арасынан ойып тұрып орын алады», деді Үкімет басшысы.

Соңғы жаңалықтар