Үкімет «Еңбекпен қамту - 2020» бағдарламасын қабылдады
«Бағдарламаның мақсаты өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, жұмыссыздарды және әлеуметтік жағынан аз қамтылған халықты табысты экономикалық еңбекке тарту, индустрияландыру бағдарламасын іске асыру жолында кадрлық әлеуетті арттыруға негізделген»,- деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова.
Оның сөзіне қарағанда, бағдарлама бірінші кезекте тұрғылықты жері бойынша дайындықтан өткізуге, еңбекпен қамтуға, сондай-ақ азаматтың жеке ісін ұйымдастыруға қолдау көрсетуге арналған.
Бағдарлама үш кезең бойынша жүзеге асырылады. 2011 жылы шаралар ілкі жоба ретінде атқарылады. Яғни, бағдарламаны іске асырудың тетіктері атқарылып, оның құқықтық қамтамасыз етілуі қарастырылады. Ал екінші кезеңі 2012-2015 жылдары, ал үшінші кезеңі 2016-2020 жылдары іске асырылады.
Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша бұл ауқымды шараға қатысудағы басымдық ауыл жастарына негізделеді. Осы орайда азаматтарға кәсіби дайындықтан өту курстары, қайта даярлаудан өту, біліктілікті арттыру шаралары қолдау түрінде ұсынылмақ.
Бағдарламаға әлеуетті қатысушылар және оларды осы ауқымды шараға қосу жөніндегі шешім аудандық деңгейде қабылданады. «Бағдарламаға қатысушылардың әрқайсысымен өзара міндеттер келісімін қамтитын әлеуетті келісім шарт бекітіледі»,-деді министр.
Мұнымен қоса, бағдарламаның екінші бағытында негізгі басымдық жеке өз ісін ұйымдастыру арқылы азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыруға арналмақ. Осы орайда кеңес беру қызметтері, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, шағын несиелер беру, инфрақұрылымды дамыту секілді қолдау түрлері қамтылмақ. «Ауылдағы кәсіпкерлікті қолдаудың негізгі тетігі ретінде шағын несиелер қамтамасыз етіледі»,-деді Г. Әбдіхалықова.
Атап айтқанда, шағын несиелер қайтарымды негізде 5 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Және оның көлемі 3 млн. теңгеден аспайды.
Өз кезегінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне бағдарлама қабылданғаннан кейін қажетті барлық ілеспе нормативтік-құқықтық құжаттарды қысқа мерзімде әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар Премьер-Министр Байланыс және ақпарат министрлігіне бұл бағдарлама халықтың едәуір бөлігін қамтып отырғандықтан, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жүктеді.