Үкімет Қазақстандағы қалалық агломерацияларды дамыту туралы қаулы қабылдады

Аталған мәселе бойынша ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Ерболат Досаев баяндама жасады.
Атап айтқанда, Үкімет отырысында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына енгізілетін қалалық агломерацияларды дамыту бойынша өзгерістер мен толықтырулар қарастырылды. Аталған құжат Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген. Таратылған мәліметтерге қарағанда, әлемдік тәжірибеде агломерацияларды өсу орталықтары ретінде дамыту экономикалық және еңбек ресурстарын шоғырландыруға, инфрақұрылымдық жағынан тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осы орайда еліміздің қалаларының агломерациялық әлеуеттеріне талдау жасалды. Осының нәтижесінде бірінші деңгейлі агломерациялар - Астана, Алматы, Шымкент қалалары, сондай-ақ екінші деңгейлі агломерациялар - Ақтөбе мен Ақтау қалалары ұсынылды. Оларды дамыту бағыттары біріншіден, агломерацияларды республикалық және аймақтық нарықтарда экономикалық тұрғыда орнықтыру. Екіншіден, агломерациялар мен оларды тарту аймақтарының инфрақұрылымын үйлесімді түрде дамыту. Ал, үшінші бағыты агломерацияларды дамыту бойынша қала құрылысы және институционалды саясатты жетілдіру.
«Агломерацияларды дамытуда негізгі құралдар, олар - мемлекеттік жобалар арнайы экономикалық аймақ пен мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясындағы жобалар, сондай-ақ мемлекеттік және салалық бағдарламалардың басқа да құралдары ескерілген. Бағдарламаны орындау мақсатында агломерацияларды дамыту жөніндегі өңіраралық іс-шаралар жоспарлары және кешенді қала құрылыстық жоспарлар әзірленбек. Жобалар мен іс-шаралар қолданыстағы мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде қаржыландырылады»,-делінген аталған министрліктің мәліметінде.