Үкімет Қазақстанның 2010-2014 жылдарға арналған фармацевтика өнеркәсібін дамыту бағдарламасын мақұлдады

Сәйкес құжатты бүгін Үкімет отырысы барысында Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау алқалы жиынға қатысушылар назарына ұсынды.
«Бағдарламаның мақсаты ішкі нарықты 2014 жылға қарай отандық өндіріс есебінен табиғи түрдегі медициналық мақсаттағы бұйымдар мен дәрі-дәрмекпен 50 пайызға қамтамасыз ету болып табылады», деп атап өтті ол.
Оның сөзіне қарағанда, бұл мақсатқа жету үшін бағдарламаға сәйкес жаңа фармацевтикалық кәсіпорындарды салу және қолданыстағыларын жаңарту, өндіріс сапасы стандарттарын (GMP) енгізу, сонымен қатар саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Вице-министрдің атап өтуінше, бағдарламаны жүзеге асырудың негізгі тетіктері «СҚ-Фармация» ЖШС арқылы отандық өндірушілерден медициналық мақсаттағы бұйымдар мен дәрі-дәрмектерді сатып алу бойынша 7 жылға, яғни ұзақ мерзімді келісім жасау болып табылады. Бұл орайда отандық кәсіпорындар GMP халықаралық стандартына сәйкес өнімдер шығаруы қажет. Бұл мемлекет тарапынан отандық өндірушілерге қойып отырған ең басты шарт.
«Сала өндірісінің іс жүзіндегі өсімі - 3, ал еңбек өнімділігі 2,2 есе артады деп күтілуде», деп атап өткен вице-министр 2014 жылға қарай тұтынушылардың импорттық дәрі-дәрмектің 50 пайызы тәуелділігі шешілетіндігін айтады.
Сондай-ақ А.Рау өз сөзінде бағдарлама экспорттық бағытты да қолдауды көздеп отырғандығын алға тартты.