Үкімет Кеден одағы аясында күріш шаруашылығын қалпына келтірудің қадамдарын жасауы тиіс - М. Әбенов

АСТАНА. Желтоқсанның 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Үкімет Кеден одағы аясында күріш шаруашылығын қалпына келтірудің шараларын қазірден жасауы тиіс.
None
None

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына жолданған сауалында депутат Мұрат Әбенов осылай мәлім етті,  деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Үкіметтің тікелей қолдауы арқасында еліміздегі күрішшілер үлкен көрсеткіштерді еңсерді. Биылғы жиналған күріш 26 пайызға, яғни 100 мың тоннаға артты. Осылайша, Қазақстан тұңғыш рет өз қажеттілігін өтейін деп отыр. Дегенмен де, бұл қуаныштың көпке созылмайтын түрі бар. Өйткені, қазір ішкі нарықта күріш бағасы күрт төмендеді. Ал күріш құнының құлдыру себебін сараласақ, қазіргі күні Қазақстанда артық күріш жоқ, сырттан әкелінбесе де өзіміздің өнім өзіміз пайдалануға жетеді. Бірақ, осыдан екі жыл бұрын қытай күріші ішкі нарықта бәсекелес болса, енді оның орнын ресейлік сапасы жоғары, бағасы төмен күріш басып отыр. Ал одан қорғану үшін  ең алдымен Қазақстан Кеден одағы  шеңберіндегі мәселені көтеруі тиіс», деді М. Әбенов.

Депутаттың айтуынша, Кеден одағына кіргеннен кейін сыртқы нарықтан қорғайтын тарифтік тетіктер жүзеге асады. Бірақ, ішкі нарықта әсіресе күріш саласына мемлекеттік қолдауды барынша арттырған Ресей басымдықта болады. «Рас, біз Кеден одағы аясында сыртқы қауіптерден қорғаныс үшін тарифтерді сараладық, ал ішкі ережелер қалай болмақ? Мәселен, бүгінгі күні Ресей күріш өсірушілерді мықты қолдап отыр, сондықтан олар шетелден күріштің енуіне жол бермейді. Тарифтерді арттыру арқылы Қытай күрішінен де қорғануда. Ал Қазақстанда бұндай шаралар қабылданбаған. Бір сөзбен айтқанда, Кеден одағы аясында сыртқы қауіптерге тосқауыл болғанымен де, ішкі нарықта ресейлік күріш өсірушілер басымдыққа ие болып отыр. Егер бұлай кете берсе, қазақстандық нарықтың бәрін ресей күріштері жаулап, отандық күрішшілер зиян шегеді», деді М. Әбенов. 

Осыған орай, депутат «ҚазАгро» арқылы отандық күріштер сатып алынса, осы салаға мемлекеттік қолдаулар жасалса деген тілегін білдірді. «Бұл ретте Кеден одағы аясында біркелкі шаралар жүзеге асуы тиіс. Мәселен, жаңағы күріш шаруашылығына қатысты субсидиялар, жеңілдіктер болса, барлық мемлекетте бірдей болуы шарт. Әйтпесе, экономиканы дамыту қиынға соғады», деді ол.

Соңғы жаңалықтар