Үкімет кіріс деңгейі төмен отбасылармен әлеуметтік келісімшарт жасасуда
Брифинг барысында вице-министр, аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қолдау мен өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы іс-қимылдарға тоқталды.
«Әлеуметтік әлсіз халық топтарына қамқорлық - мемлекет қолға алған әлеуметтік саясаттағы басты басымдықтар қатарында қала береді. Бұл мақсатта ҚР ЕХӘҚМ аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту және ең төменгі күнкөріс деңгейін қайта қарастыру мәселелері жөнінде тиісті жұмыс жүргізіп келеді», - деп атап өтті Светлана Жақыпова.
2015 жылдың 29 қазанында Мемлекет басшысы қол қойған ҚР «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»» Заңында 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жұмысқа жарамды отбасы мүшелерінің міндетті түрде жұмыспен қамту шараларына белсенді қатысу талабымен, әрбір мүшесіне санағанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 процентінен төмен отбасыға, атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) көрсетудің жаңа тәртібін енгізу қарастырылған.
С. Жақыпованың айтуынша, құрамында еңбекке жарамды кем дегенде бір мүшесі бар отбасыға әлеуметтік келісімшарт жасасқан жағдайда, сонымен қатар, отбасының барлық еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан жағдайда шартты ақшалай көмек беріледі.
Әлеуметтік келісімшартқа қол қойған тараптар өзара жауапкершілікті мойындарына алады: әлеуметтік қызметтер жұмыспен қамту шараларын қарастырып, жәрдемақы төлесе, отбасының еңбекке жарамды мүшелері тауып берген жұмысқа орналасуы тиіс.
"Адамға тек ақшалай көмек ұсынылмайды, оған жұмысқа орналасуға көмек беріледі, қайта даярлау мен кәсіби біліктілігін арттыру үшін әртүрлі курстарға жіберіледі. Осылайша, отбасының кедейлік жағдайынан шығу мүмкіндігі ынталандырылады.Бұл ретте балаларды әлеуметтік қолдау күшін жоймайды, яғни АӘК, отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамту шараларына қатысу-қатыспау жағдайына қарамастан төлене беретін болады», - деп атап өтті Светлана Жақыпова.
Әлеуметтік келісімшарт жасаған тұлғаларға шартты ақшалай көмек көрсетуді қарастыратын «Өрлеу» жобасын жүзеге асыру, 2014 жылдан бері Ақмола, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында бастау алды. 2015 жылғы 1 шілдеден бастап ұқсас өңірлік пилоттық жобалар жергілікті бюджет қаражаты есебінен қосымша 38 аудан мен қалада жүргізіле бастады. Мәселен, 2015 жылы «Өрлеу» жобасына 20,2 мың адам, 2016 жылы 38,8 мың адам қатысты.
2017 жылдың 1 сәуіріндегі дерек бойынша «Өрлеу» жобасына 48,3 мың адам қатысып, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 9 мың адам немесе жобаның еңбекке қабілетті қатысушыларының жалпы санынан 87%-ы қамтылды.
Жобаны іске асыру нәтижесінде оған қатысушылардың жан басына шаққандағы орташа кірісі 2 еседен астамға өсіп, еңбекке қабілетті қатысушыларының 90%-ы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына тартылды және де пилоттық өңірлердегі атаулы әлеуметтік көмекті алушылар қатары қысқарды.
Жобаны әрі қарай, яғни 2017 жылы жүзеге асыру ауқымында, республикалық бюджеттен 7,1 млрд теңге қарастырылған. Биыл «Өрлеу» пилоттық жобасына елдің барлық ауданы мен қаласынан 150 мыңға жуық аз қамтылған азаматты тарту жоспарлануда.