Үкімет ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің қаржылық мәселелерін шешуге даяр - алқа мәжілісі

АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов ведомствоның 2011 жылдағы бірқатар қаржылық мәселелерін шешуге даяр екендігін жеткізді.
None
None

«Әрине, 2011 жыл бұл 2009-2010 жылдар емес. Биылғы жылда қаржылық мүмкіндіктер жақсарып, ел экономикасы көтеріліп жатыр. Бұл республикалық бюджеттің табысына да оң әсерін тигізуде. Сондықтан біз менің қатысуыммен қаржы мәселесі бойынша арнайы кеңес өткізіп, Төтенше жағдайлар министрлігі алға қойған бірқатар мәселелердің шешімін табуымыз керек деп ойлаймын», - деді К.Мәсімов. Осы орайда Үкімет басшысы мемлекеттік-жеке серіктестікті дамыту қажеттігін ерекше атап өтіп: «Бүгінде бізде «Мемлекеттік-жеке серіктестік туралы» өте жақсы заң Парламенттің қарауына енгізіліп отыр. Қазіргі кезде бюджетке қарап отырмай, мемлекеттік-жеке серіктестіктің арқасында одан тыс қаржыны да тарта білу қажет. Ондай әлемдік тәжірибеде бар. Оны жан-жақты зерттеп шығу керек. Бірақ, әрине, төтенше жағдайлардың алдын алу - бұл мемлекеттің басты міндеті», - деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ Үкімет басшысы еліміздің төтенше жағдайлар қызметтерін жабдықтау мәселесіне ерекше назар аударып, мемлекеттік сатып алулар арқылы жеке секторды дамыту қажеттігін жеткізді. «Осы мәселені Индустрия және жаңа технологиялар министрлігімен бірлесе отырып шешуге болады. Ал ақпараттық қауіпсіздік бойынша Ақпарат және байланыс министрлігімен тығыз жұмыс істеу қажет», - деді К.Мәсімов.

Соңғы жаңалықтар